+7 (701) 759 90 19
USD 424.49 EUR 504.51
RUB 5.59 CNY 64.57
Jańalyqtar

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді

2020 жылғы 29 қазан 15:23
Бөлісіңіз:
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұқсас жаңалықтар
3,5 мыңнан астам ауыл жаңартылады - Президент «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады Қазақстанда 800 жаңа мектеп салынады - ҚР Президенті

Шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты.

Мемлекет басшысы жиынға дейін ішкі істер органдарына қарасты арнайы техникаларды қарап шығып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметімен танысты.

Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысы ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерді орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.

– Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, биыл Қордай ауданында және Сәтпаев қаласында болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет.

– Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын негізге алу керектігін атап өтті.

– Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанамама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. Отандастарымыздың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек.

– Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.

– Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді.

– Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елордалық полиция департаментіне жаңа ғимарат салу мәселесін тапсырды.

Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Президент тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.

Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.

– Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында жоғарыда аталған міндеттерді толық орындау қажет екенін айтып, ІІМ бұл жұмысты абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сөз сөйлеп, Президентке еліміздегі қылмыстық жағдай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, құқық бұзушылықтың алдын алу, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдар, адам саудасы, есірткі және тонау қылмысы жайында баяндады. Министр ішкі істер органдарына реформа жүргізу, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы да ақпарат берді.

Жиында бұдан бөлек Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов және Ақтөбе облысы Полиция департаментінің учаскелік инспекторы Нариман Ульянов баяндама жасады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT