Мемлекет басшысы: Реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін, не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. .

«Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтуда. Олар саяси жаңғырудың сан қырлы және күрделі үдеріс екенін өте жақсы түсінеді. Ал, реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды немесе жағдайымыздың ерекшелігін әдейі түсінгісі келмейді. Біз түйткілді тұстарымызды жақсы білеміз. Ұстанымымыз - айқын. Барлық мәселелерді кең ауқымды диалог пен мәмле арқылы біртіндеп шешеміз», - деді Мемлеект басшысы.

Осы орайда Президент саяси жаңғыру міндетті түрде жүзеге асырылатынын айтты.

«Бұл - біздің ұзақ мерзімге арналған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Мен осы мәселелерге айрықша мән беріп отырмын. Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін, не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыз әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс», - деді Қ. Тоқаев.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар