Мемлекет басшысы сенбілікте ағаш отырғызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ботаникалық бақта өткен экологиялық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елорданың Ботаникалық бағында өткен сенбілікке қатыстым. Елімізді көгалдандыру – табиғатты қорғауға қажетті және қайырымды іс. Осы пайдалы шараға атсалысқан барша қатысушыларға алғыс білдіремін. Елордамыз жайлы және жасыл қалаға айналуы керек», - деп жазды Twitter-де Мемлекет басшысы.

Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қ.Тоқаев сондай-ақ Ботаникалық бақта ағаш отырғызып, сенбілікке қатысқан жұртшылықпен сұхбаттасты.

«Бірге Жасыл Қазақстан» шарасына Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, спортшылар мен оқушылар қатысты.

«Көгалдандыруға арналған сенбілік барысында Ботаникалық бақта 300 көшет отырғызылды. Жалпы бүгін елорда көшелері мен саябақтарында 5 мың ағаш егіліп, қала ажарын арттыра түспек. Сонымен қатар биыл күзде «Экологиялық сағат» шарасының шеңберінде еліміз бойынша қосымша 1 миллионға жуық көшет егіледі», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 16 қыркүйек-13 қазан аралығында экологиялық айлық өтіп жатыр. Оның аясында 12 қазан күні Нұр-Сұлтанда ағаш отырғызу акциясы өтетіні белгіленген еді.

Бүкіләлемдік жасыл желек отырғызу күніне орайластырылған шара еліміздің барлық өңірінде қолдау тапты.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, 12 қазан күнгі кампания барысында және жалпы күз айының соңына дейін республикада 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады.

Соңғы жаңалықтар