Мемлекет валюта айырбастау пункттерінде тәртіп орнатуға тырысып жатыр - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ұлттық банктің «ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет бұл салада тәртіп орнатуға тырысып жатыр. Яғни, ақша айырбастау пунктерінде тіркелетін қылмыстардың санын азайтып, эксономиканы көлеңкеден шығару бағытында шаралар қабылдануда. 2019 жылдың екінші жартыжылдығында ғана Ұлттық банк заңнаманың 140 мәрте бұзылғанын анықтаған. Мұндай құқықбұзушылықтардың көбі табысты жасырумен, тыйым салынған бағыттарды қаржыландырумен, «қара кассалардың» жұмыс істеуімен, басқа да заңбұзушылықтармен байланысты», - деді «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің сөзіне сенсек, ақша айырбастау пункттерінің жұмыс режімінде де сұрақтар болған.

«Әрине, мұндай пункттердің тәулік бойы жұмыс істегені ыңғайлы. Алайда туристер үшін ақша айырбастау пункттері тәулік бойы жұмыс істейтін вокзалдар мен әуежайлар бар. Ал уақыт бойынша шектеулер ең алдымен ақша айырбастау пунктерінің өз қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатыр. Ондай орындарға көбіне түнде шабуыл жасалып жататынын білесіз», - деді ол.

Дәурен Абаев ақшаны мәселен, Ресейде тек банкте айырбастауға болатынын айтады.

«Германия немесе Голландияда кез келген соманы ауыстыру кезінде жеке куәлікті көрсету керек. Еуропаның біршама елінде демалыс күндері ақшаңызды мүлде айырбастай алмайсыз. Сол себепті, осы шаруаның бәрі де бұл салада тәртіп орнату үшін жасалуда», - деді министр.

Еске сала кетсек, ҚР Ұлттық банкі «ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулыға түсініктеме берген болатын. Ұлттық банктің түсіндіруінше, жаңа ережеге сәйкес, қазір айырбастау пунктінің ең төменгі жарғылық капиталы Нұр-Сұлтан қаласында, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан айырбастау пунктері үшін 100 миллион теңгені құрайтын болады. Түзетілген нұсқаға сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан ұйымдар үшін норма 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді.




Соңғы жаңалықтар