Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына қатысты сауалнама нәтижесі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін бағалау жөніндегі әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік зерттеуді «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2020 жылы өткізген.

Сауалнамаға барлығы 7 мың респондент, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Сауалнама нәтижесі бойынша:

- респонденттердің үштен бірі (37,5 пайызы) мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі Әдеп кодексін сақтайды деп санайды;

- 34,9% мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық әдебіне қатысты жағдай жақсарып келеді деген пікірде;

- 31% жағдай әрдайым жақсы деген сенімде.

Сондай-ақ мәлім болғандай, респонденттердің басым көпшілігі немқұрайлылық, назар аудармау, көмек көрсетуден бас тарту, дөрекілік, маңызды ақпаратты жасыру, жеке бас мүддесіне орай әрекет ету сынды мемлекеттік қызметшінің әдепке жат мінез-құлқына қатысты шара қолданбаған.


«2020 жылдың нәтижелерін 2017, 2018 жылдардағы нәтижелермен салыстырсақ, айтарлықтай өзгерістерді көруге болады.

Яғни мемлекеттік қызметшілерге қатысты әдепке сай емес мінез-құлқына байланысты шаралар қабылдауға мәжбүр болған респонденттердің пайызы айтарлықтай төмендеді. Мысалы, егер 2018 жылы 34,7% респондент мемлекеттік қызметшінің әдепке жат мінез-құлқына қатысты шаралар қабылдауға тура келді деп жауап берсе, 2020 жылы мұндай респонденттер үлесі 13,4% болды», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен.

Сонымен қатар, респонденттердің басым көпшілігі (92,8%) карантин кезінде мемлекеттік қызметшілермен әрекетке түсу барысында әдепке қатысты қандай да бір проблемаларды байқамаған. Тек 10 адам (0,4%) карантин кезінде әдепке байланысты бұзушылықтарды байқағанын айтты.

«Бұдан басқа, 2021 жылы агенттік алғаш рет Әдеп жөніндегі уәкілге әдептілік деңгейін айқындау үшін әрбір мемлекеттік органның ресми сайттарында сауалнама орналастыруды ұсынды. Оған барлық азаматтар қатыса алады. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейінің және Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің рейтингілері мына сілтеме бойынша қолжетімді», - деді ведомстводан.

Сауалнама БҰҰДБ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» бірлескен жобасы шеңберінде жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар