Мемлекеттік сатып алуды агенттік «бірыңғай терезе» арқылы қадағалап отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алу процестері «бірыңғай терезе» арқылы қадағаланып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алу – жемқорлыққа батқан салалардың бірі. Мемлекеттен бөлінген орасан зор қаражат мемлекеттік тапсырыстардың көмегімен игеріледі, сол себепті агенттіктің дәл осы мәселеге ерекше назар аударуы да заңды. Біз сатып алулардың нормативті-құқықтық базаларын әзірлеуге, мемлекеттік сатып алу туралы заңның өзгертілуіне белсенді түрде атсалысамыз. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен квазимемлекеттік сектордағы тапсырыстарды қадағалайтын заң қабылданып жатыр», - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, агенттік мемлекеттік сатып алуға әрдайым мониторинг жүргізіп отыр. Бұл мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойылып, «сатып алудың бірыңғай терезесі» құрылған. Онда барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың, табиғат пайдаланушылар мен ұлттық холдингтердің мәліметтері шоғырландырылған.

Меморандумға сәйкес, аймақтарға агенттіктің талдаушылары аймақтарда конкурстарды күн сайын бақылап отыратын жұмыс орындарын құрған. «Сатып алудың бірыңғай терезесінде» бағалардың негізділігін тексеретін қызмет түрі бар. Егер қандай да бір жемқорлық қаупі туындаса, тапсырыс берушіге – тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беретін мемлекеттік органға хабарлама жолданады. Берілген кеңестен кейін бағаның орынсыз қойылғаны немесе басқа да кемшіліктер анықталса, конкурстың қатысушысы ауыстырылады.

«Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап біз белсенді түрде бұл жұмысты бастадық. Бір жылға жуық уақыттың ішінде 16 млрд теңгенің тиімсіз пайдалану ықтималдығының алдын алдық. Бұл өте жақсы нәтиже деп айтар едім. Қазан айының өзінде 3 млрд теңгеден астам қаражат бойынша бағаның негізсіз екенін дәлелдедік. «Атамекен» палатасымен бірге бұл жұмысты жалғастырамыз», - деді Олжас Бектенов.


Соңғы жаңалықтар