Меморгандар заң нормаларын халыққа қарапайым тілмен түсіндіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта мемлекеттік органдар қабылданған заң нормаларын халыққа қарапайым тілмен түсіндіретін болады. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылданған болатын.

Осы құжатты талқылау барысында сенатор Дана Нұржігіт заңды әзірлеушілер бір мәселеге назар аударуы қажеттігін айтты.

«Біз шын мәнінде халық үнінен құлақ асатын мемлекет құрамыз десек, мына бір мәселеге назар аударуымыз қажет. Өңірлерге іс-сапар барысында байқағаным, халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар. Яғни, Парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа жеткізілмейді. Кездесуде азаматтарымыздың көбісінің сұрағы алып-қашпа әңгімелерге негізделген. Сол себепті халыққа заңды ашық, қарапайым түлде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін күшейту қажет. Міне, осының салдарынан әлеуметтік желідегі блогерлер, тәуелсіз сарапшылар заңды өз пайым, түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жатады. Ал тиісті мемлекеттік органның түсіндірмесі кешігіп барып, қоғам қызу талқылағаннан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды. Демек, халық пен билік арасындағы медиакоммуникацияда проблема бар», - деді Дана Нұржігіт.

Осы орайда сенатор Әділет министрінен талқыланған құжатта көзделген заң жобасы мен қабылданған заңды ақпараттық түсіндіру бағдарламасының орындалуын кім қабағалайтындығын және орындалу тетіктерін түсіндіруді сұраған еді.

«Заңды түсіндіру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасының орындалуын Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қадағалайды. Мұндай бағдарлама заң жобасының нормаларын азаматтарға түсіндіруге бағытталған іс-шараларды көздейді. Бұл іс-шаралар жаңа құқықтар мен міндеттерді халыққа түсінікті тілде жеткізуді қамтамасыз етеді. Мысалы, заң жобалар әзірленген кезде әзірлеуші органдар ашық қоғамдық талқылаулар өткізеді. БАҚ-қа брифинг ұйымдастырады. Ал заң қабылданғаннан кейін әзірлеуші органдар тәжірибелік нұсқаулар беріп, арнаулы бейнероликтер жасайды және интернетке орналастырады. Басқа да тәсілдерді қолдауы мүмкін», - деп жауап берді министр.


Соңғы жаңалықтар