Мен қазақ тілін қалай үйрендім: Өзге ұлт өкілдері өз тәжірибесімен бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері өзара пікір алмасты. Отандастарымыз тек қазақ тілінде ой бөлісе отырып, мемлекеттік тілді үйренуге не түрткі болғанын айтып берді.

Юлиана Новикова, Атырау облысы Құлсары ауданы «Өркен» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі (ұлты орыс):

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында өмірге келдім. Адайлардың «Жетімек жары» ауылының келінімін. Жолдасым Шерхан - үлкен шаңырақтың кенже ұлы. Екеуміз ата-енемнің қолында тұрамыз. Қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрендім. Көрші-қолаңға, аға-әпкелерім мен достарыма алғысым шексіз. Қазақтың салт-дәстүрін бойыма сіңіріп, қазақ тілінде таза сөйлеуіме мұрындық болған достарыма көп рахмет! Ата-енеме сәлем салған кезде «маған қосағыңмен қоса ағар» деп тілек білдірді. Кейін осы тілектің мәнін ұғынып, қазақы ортаға сіңе бастадым. Осындай аппақ жүректерден шығатын ақ тілектерді естімей жүргендер қаншама?! Сәлем салу – өзін төмен көрсететіндердің ісі деп есептейтін келіндер бар. Соларға айтарым: үлкен кісілердің батасын алуға асығайық!

Бабабақшада тәрбиешімін. Өзімнің үйренгенімді бөбектеріме үйретіп келемін.

Жамалайл Элимханов, «Емир-Ойл» ЖШС директоры, Ақтау қаласы (шешен):

Шешен Республикасында соғыс басталғаннан кейін менің отбасым Қазақстанға 1995 жылы көшіп келді. Балалық шағым Ақтауда өтті. Орыс мектебінде оқыдым. Онда әр түрлі ұлт өкілдері болды. Сондықтан, барлығымызға ортақ тіл орыс тілі еді. Қазақ тілі сабағы маған қатты ұнайтын, бірақ орта болмағасын, еркін сөйлеп кете алмадым.

Мектепті бітіргеннен кейін Бейжіңдегі Қытай политехникалық университетінің экономика және халықаралық сауда факультетіне түстім. Оқу ағылшын және қытай тілінде жүрді. Қытайда 5 жыл оқып, бакалавр дәрежесіне жетіп, екі шет тілін меңгеріп шықтым. 2014 жылы Ақтауға оралып, жұмыс тәжірибем болмаса да, мұнай компаниясынан жұмысты тез тауып алдым. Оған себеп – шет тілдерін жақсы білгенімде.

Бірақ мені бір ой мазалай берді: қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім, ал мемлекеттік тілді білмеймін. Көп ойланып өзіме серт бердім: мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана өзімді қазақстандықпын деуге құқығым бар. Қазақ тілін қалайда үйренем деп, 2016 жылы оқуды бастап кеттім. Бағыма қарай, жақсы мұғалім кездесті. Жұмыс көп, уақыт аз. Соған қарамастан, сабағымнан қалмай оқыдым. Оңай болды деп айта алмаймын, өйткені шешен тілі қазақ тіліне мүлде ұқсамайды. 2 жылда мен қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім.

Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым – ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді білуге ұмтылыңыз.

Өкінішке қарай, көпшілігінің тілге тиек ететіні – мектепте оқығанда қазақ тілді орта болмағаны. Бірақ бұл сылтау ғана. Қазақ тілін кез келген жаста оқуға болады. Бастысы – ынтаңыз мен өз еліңізге деген құрметіңіз. Менің қолымнан келді. Сіздің қолыңыздан да міндетті түрде келеді!

Менің үндеуім біріншіден ер азаматтарға арналады. Қазақстанда ер баланы ел-жұртына қамқоршы, қорған болатындай етіп тәрбиелейді. Керек болса, ер жігіт отаны үшін өмірін де қиған. Ал біз мемлекеттік тілімізді үйренуге бос уақытымызды қия алмағанымыз ба сонда?!

Армен Огенесян, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі (армян):

Өзбекстан Республикасында тудым. Мектепті орыс тілін оқып бастадым. 2007 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, сол жерде де орыс сыныбына түстім. Сол мектепте сыныптастардың көбі басқа ұлт өкілдері болатын. Бәрі де қазақ тілінде сөйлейтін. Қазақстанда өспегендіктен, мемлекеттік тілде мен ғана сөйлемейтін едім. Балалар орысша сұрағыма қазақша жауап беріп, мені мазақ қылатын (күлді). Ерегескенде өзбекше жауап беретін едім. Ақыры, жігіттерге «маған көмектесіңдер» деп қолқа салдым. Осылайша, достарым мен көршілерімнің арқасында қазақ тілін меңгердім. Мемлекеттік тілді білудің арқасында қазіргі таңда полиция қызметкері болып жұмыс атқарып жатырмын.

Талай қызық жағдайлармен кез боламын. Бекетте тұрған кезде ауылдан келген кісілер бар орысшасын жиып, күшеніп, жөн сұрайды кейде. Сонда қазақ тілінде жауап бергенімде «балам қазақ екенсің ғой» деп, құшақтап алып жатады. Жалпы, қазақ тілін үйренуге маған намыс түрткі болды деп айта аламын.

Виктория Трегубова, «77» коммерциялық телеарнасының жүргізуші-редакторы, Жамбыл облыстық «Раданеж» орыстар қоғамы бірлестігінің мүшесі (орыс):

Мектеп кезінен бастап аудан, облыс көлемінде қазақ тілінен түрлі жарыстарға қатыстым. Отбасында 2 адамбыз. Менен 3 жас үлкен ағам бар. Ол да қазақ мектебін бітірген. Ресейде туғанмын. 2000 жылы отбасымызбен бірге Қазақстанға қоныс аудардық. Анам Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін білім іздеп, Ресейге барған. Сол жерде әкемді кездестіріп, екеуі шаңырақ көтерген. 5-6 жыл тұрғаннан кейін анам туған өлкесін әкеме көрсеткісі келіп, Қазақстанға келген. Сол кезде қазақтың қонақжайлылығы мен табиғатының ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық.

Мен де анам секілді білім іздеп, алысқа бармай-ақ қоюды шештім. Өзіміздің Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірдім. Биыл бітіріп, диплом алдым. Алдағы уақытта арман-мақсаттарыма жетем деген үмітім бар. Әке-шешем қазақ мектебіне бізді берген кезде қатты қиналыпты. Себебі, екеуі де қазақ тілін мүлде білмеп еді. Кішкене кезде үй тапсырмасын орындау үшін көршілерден көмек сұрап жүретінбіз. Мектеп кезінен іс-шараларға белсенді қатысып келе жатырмын. Іс-шараларда өзімді «орыстың қазақ қызымын» деп таныстырамын. Болашағым, тіпті бүкіл Қазақстанның келешегі қазақ тілінде деп, сенімді түрде айта аламын.

Александр Филатов, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі (орыс):

Туған жерім Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы. Таза қазақ ауылында өскенмін. Ол жақта орыс баласы қазақ тілін біледі екен дейтіндей, ешқандай таңғаларлық жағдай болған жоқ. «Чиста» қазақ болдық қой (күлді).

11 жыл мектепті, кейін колледжді қазақ тілінде бітірдім. Сөйтіп, Нұр-Сұлтанға келіп, осы жақта таңғалып жүрген жайым бар. Осы жақтағы басшылық та маған орысша сөйлейді. Ал мен өзімді таза қазақ сезінемін. Себебі, мен үшін орысша сөйлегеннен қазақша сөйлеген оңай болып кеткен. Сондықтан, Қазақстан азаматы болғандықтан, қазақ тілін білу – міндет деп есептеймін. Қазақ тілін білгеннің арқасында 2015 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келемін. Не айтамын енді, айта берсең әңгіме көп... (күлді).

Сабина Пак, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Түркістан қаласы (кәріс):

Мақтаарал ауданы Қызылқұм ауылында өмір есігін аштым. Анам қазақ, әкем корей ұлтынан. Жалпы, бала кезден біздің үйдегілер қазақ, орыс және кәріс тілінде сөйлеседі. Қазақ ауылында өсіп, алты жасымда қазақ мектебіне берді. Жанымдағы достарымның бәрі қазақтан. Қазақ тілінде өлең жазамын. Бүгінгі күні «Мирас» университетінде қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі мамандығын оқып жатырмын.

Қазақ бола тұра қазақша сөйлемейтіндер көп. Не себепті өзіміздің мемлекетіміздің тілін кейін қоямыз? Ойланып отырсам, мамандықты таңдау кезінде де мені осы ой мазалаған еді. Сол себепті, қазақ тілін жетік меңгерген, ұлтына адал қызмет ете алатын жеткіншектерді тәрбиелеп, оларды мәдениетті адам ретінде жетілдіргім келеді. Ағам Абайдың барлық өлеңі мен 45 қара сөзін жатқа біледі. Ол республикалық сайыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Ағам екеуміз Абайдың 31-ші қара сөзін кәріс тіліне аудардық.

Анель Пимичева, оқушы (украин):

Өз басым өнерге жақын адаммын. Түрлі вокалдық конкурстардың лауреаты болдым. Домбыра тартып, шабыттанған кезде өлең жазамын. «Қазақ тілін қалай үйрендің» деп сұрасаңыздар, ең бірінші атам үйретті. Кейін қазақ балабақшасында тәрбиеленіп, ата-анамның шешімі бойынша қазақ мектебіне баратын болдым. Иә, тілді аздап білгеніммен мектепте қазақ тілнң меңгеруде біраз қиындық туды. Қазақ тілі пәнінен үштік баға ала беретінім, намысымды қамшылағаннан болар, тілді тез үйреніп алдым.

2017 жылы қазақ тілінен республикалық Олимпиададан бірінші орын алдым. Сол жылы мектебіміздің «Жыл оқушысы - 2017» сайысында жеңімпаз болдым. 2018 жылы «Патриот» төсбелгісінің иегері болдым.

Бір жылдан кейін бір оқу орнына түсуім керек. Тілші боламын деп шештім, сондықтан, мемлекеттік тілді тереңірек меңгеріп, қазақ классиктерінің романдарын оқып жатырмын.

Наталья Дементьева, Көкшетау қалалық гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры (орыс):

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақ тілін үйрену үшін елімізде барлық жағдай жасалатынын, жаңа оқулықтар шығарылып, жаңа әдістемелер пайда болып жатқанын бәріміз білеміз. Балаларымыз қазақша біліп, қазақ тілінің грамматикасын керемет меңгеруге тырысады. Бірақ біздің байқауымызша, тіл грамматикасын меңгерген жастар өкінішке қарай қазақша әлі де еркін сөйлей алмай жүр. Тілдік орта болса да, балалар сөйлемейді. Шетел тілі – ағылшын тілін алатын болсақ, бұл тілдің жағдайы мүлде басқа. Ағылшынша сөйлеу үшін тілдік орта жоқ болса да, жастар тез үйреніп алады. Ағылшынша керемет сөйлейді. Сайрайды! Ешқандай тілдік кедергі жоқ. Менің ойымша, шетел тілін үйрену әдістемесін қазақ тілін үйренуде, оқулықтар шығарған кезде де қарастыруымыз керек.

Соңғы жаңалықтар