Меркі ауданында 100-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр

None
None
МЕРКІ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, жөндеу-құрылыс жұмыстарының жүзеге асыру барысымен танысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Меркі ауданында әртүрлі мемлекеттік даму бағдарламалары аясында 108 жобаны іске асыруға 6,1 миллиард теңге бөлінді. Ұзындығы 140 шақырымды құрайтын 147 көшені жөндеу, бір мектеп салу, төрт мектепке күрделі, үш мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, мәдениет және спорт, жарықтарындыру, елді мекендерге су құбырын тарту және газдандыру бойынша түрлі жобалар көзделген.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында бірқатар білім ордаларын аралады. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында №11 орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. Мектеп іргесі 1976 жылы қаланған десек, бүгінде оның айтарлықтай тозғаны байқалады.

«Мектеп директоры техникалық қадағалаумен бірге жөндеу жұмыстарының сапасын үнемі бақылап, кемшіліктерді анықтап, көрсетіп отыруы тиіс. Жаңа оқу жылында балалар заманауи және жайлы мектептің табалдырығын аттауы тиіс», - деді облыс әкімі.

Гранитогор ауылында 300-ге жуық үй бар болса, онда 1 200-ден астам адам тұрып жатыр. №8 ауыл мектебі 1952 жылы салынған. 205 бала оқитын бір қабатты білім ошағында асхана, спорт және акт залдары жоқ. Осы мәселені шешу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 120 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Жобаның құны – 500 миллион теңгеден асады.

«Елді мекен сумен және газбен қамтылған. Барлық қажетті кабинеттермен, спорт және акт залдарымен жабдықталған жаңа мектеп салынып жатыр. Құрылыс қарқынын жеделдетіп, жұмысқа жергілікті тұрғындарды тарту қажет. Мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген дұрыс. Мектептің ескі ғимаратын ауыл тұрғындарының игілігіне тиімді пайдалану жағын қарастырып, ұсыныстар әзірлеңіздер», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев фельдшерлік-акушерлік амбулатория мен балалар шағын орталығын аралап, мектепке дейінгі мекеме аумағының ретсіз көрінісін сынға алды.

Жалпы, Меркі ауданында сумен жабдықтау бойынша 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сарымолдаев, Т. Рысқұлов және Қостоған ауылдарына таза ауыз су құбыры тартылып, Қызылқыстақ, Қазақдиқан және Кентай ауылдарындағы су желілері ағымдағы жөндеуден өтеді.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе аймақ басшысы аудан әкіміне жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу барысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Меркі ауданы тұрғындарының мәселесін шешуге 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған автожолдар мен әлеуметтік нысандар салу және жөндеу, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және газдандыру шаралары атқарылады. Меркіліктер көп ұзамай оң өзгерістерді сезіне бастайды. Ол үшін бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қажет. Бұл - мемлекет қызметінің тиімділігінің ең жақсы көрсеткіші болмақ», - деп қорытындылады аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар