Министр елдегі солярка тапшылығына қатысты түсініктеме берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі солярка тапшылығы неден туындады және дефицит қалай шешіліп жатыр? Қазақстандағы жанар-жағармай тапшылығы туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі жанар-жағармай тапшылығы проблемасы бүгін пайда болған жоқ. Тамыз айынан бастап оның қоры азая бастады, оның үстіне егін жинау маусымы басталды. Оның бірінші себебі - шекаралас елдермен салыстырғандағы баға айырмашылығы. Мысалы, Ресеймен айырмашылық - 90 теңге, ал оңтүстіктегі көршілерімізбен салыстырғанда - 70-80 теңге айырмашылық бар. Аталған мәселені шешу үшін менің орынбасарым мен сала өкілдері бірге Мәскеуге барды. Ондағы зауыттармен келісім жүргізіп, солярканы Ресейден әкеле бастадық. Егер 1-20 қыркүйек аралығында елімізде сырттан 5 мың тонна солярка әкелінсе, соңғы бір аптаның көлемінде 15 мың тонна солярка жеткізілді», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр елдегі отын бағасына қатысты пікір білдірді.

«Жанар-жағармай бағасына келсек, ол нарыққа байланысты. Әрине министрлік тарапынан елде жанар-жағармай тапшылығы болмауы үшін барлық шара қарастырылады. Дегенмен нарық жағдайында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпаған жөн. Баға мәселесі әрдайым назарда болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар