Министр Ержан Максимге: Әлемнің қазақ мәдениетін тануға деген құштарлығын ояттыңыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова балалар «Junior Eurovision -2019» ән байқауында 2-орын алған жас әнші Ержан Максимді құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Ержан! Сізді Junior Eurovision song contest-2019 байқауында жүлделі екінші орын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision халықаралық ән байқауындағы жарқын өнеріңізбен кезекті рет асқақ арманға деген құлшынысы зор дарынды, еңбекқор әнші екеніңізді паш еттіңіз. Расында, сіздің орындауыңыздағы әсем ән әлем халықтарының қазақ мәдениетімен таныса түсуге деген құштарлығын оятқаны сөзсіз. Алдағы уақытта да жаһандық байқауларда сәтті өнер көрсетіп, жарқын жетістіктеріңізбен ел мерейін үстем ете беріңіз. Осынау сәтті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық, толайым шығармашылық табыс тілеймін!», - деп жазылған министрдің құттықтауында.

Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алған болатын.

Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орын болды. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор жеңіп алды.

Осыған дейін жас әншіні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар