Министрлік балаларды коронавирустан қорғауға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов дәстүрлі түрде елдегі коронавирус жағдайына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Осы орайда баспасөз мәслихатында көтерілген мәселелерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Белгілі болғандай, медицина қызметкерінің еңбекақысына үстеме беріледі.

«Үстемеақы алатындардың тізімін жедел штаб жанында құрылған өңірлік комиссиялар қалыптастырады. Ал комиссия төрағалары ретінде әкім орынбасарлары қызмет етуде. Сонымен қатар, оның құрамында медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас санитар дәрігері, денсаулық сақтау басқармасының және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қамтылған», - деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, аталған тізім негізінде медицина қызметкерлеріне төлем жасалады.

«Бұл тұрғыда қордың мәліметінше, вирустық инфекция жағдайында жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны ай сайын өскен. Егер наурызда осы үстемеақыны 19 адам алса, маусым айында олардың саны 53 мыңға дейін жетті. Ал шілде айының қорытындысы бойынша өзінің жалақысына үстемеақыны 78 мың қызметкер алады», - деді Қожахметов.

Сонымен қатар, Covid-19 індетінен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңге сомасында өтемақы төленіп жатыр.

Ресми өкіл коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алуға қатысты түсіндірді. Қазіргі кезде COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны алу туралы қандай да бір нақты шешім жасалмағанын айтты.

«Осы вакциналарды даярлаумен айналысып жатқан ең алдыңғы қатарлы зертханалар үшінші кезеңге жетті, яғни клиникалық сынақ фазасында тұр. Олар төртінші кезеңді өткізуі керек. Осыдан кейін барлық халықаралық сертификаттардан өткеннен соң, тиісті елдерді бұл вакцина жаппай өндіруге шығарылады», - деді ол.

Мұнымен қоса, Бағдат Қожахметов сабақ кезінде балаларға медициналық қолғап кигізуді міндеттеу туралы әлеуметтік желідегі ақпаратқа пікір білдірді.

«Балаларға қолғап кигізу міндетті емес екенін айтқым келеді. Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді ол

Дегенмен, сабақ кезінде балаларға маска тағу керек болады. Себебі балалар коронавируспен сирек ауырса да, ауруды тасымалдайды. Сәйкесінше, індетті ересек адамдарға жұқтыруы мүмкін.

Өз кезегінде «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаева балалар арасындағы коронавирус инфекциясының таралуы жағдайы туралы айтты.

«Балалар коронавирус инфекциясына сирек шалдығады. Жеткіншектерде індет көбінесе симптомсыз әрі жеңіл формада өтеді. Дегенмен балалар арасында да індет ауыр түрде болды. Жалпы, індет басталғалы Қазақстанда коронавирус инфекциясымен 2,5 мыңға жуық бала ауырды, оның ішінде 111-і жаңа туған нәресте. Балалардың 80 пайызында COVID-19 симптомсыз әрі жеңіл формада өтеді. Тек 20 пайызы індетті орташа ауыр және ауыр формада еңсерді», - деді Р. Боранбаева.

Бұдан бөлек ол балалар арасындағы Кавасаки тәрізді синдром туралы айтты.

«2020 жылдың сәуір-мамырында COVID-19 індетіне шалдығу деңгейі жоғары болған елдерде балалар арасында коронавирус індетін еңсергеннен кейін педиатриялық мультижүйелік қабыну синдромы формасында жаңа ауру тіркеле басталды. Ол уақытша COVID-19 індетімен байланыстырылды. Осы патология постинфекциялық синдром болып саналады, COVID-19-ға шалдыққаннан кейін 3-5 аптадан соң байқалады. Бұған науқастардың қанындағы антиденелер дәлел болады. Оның басқаша атауы - Кавасаки тәрізді синдром. Өйткені, ол Кавасаки ауруымен клиникалық жағынан ұқсас, алайда тиісті айырмашылықтары бар. Олардың негізгісіне тоқталсақ, Кавасаки ауруы кішкентай балаларда байқалады, яғни көбіне екі жастағылар арасында», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, мультижүйелік қабыну синдромын емдеудегі ең бастысы - ол ерте кезеңде диагностикадан өткізу. Кавасаки тәрізді синдромның негізгі клиникалық симптомына тоқталсақ, 24 сағат ішінде дене қызуының жоғары болуы байқалады. Мультижүйелік қабыну синдромына күдік болса, баланы ауруханаға жатқызылуы керек.

Бүгінде елімізде балалар арасында Кавасаки тәрізді синдромға шалдығудың 16 оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 8 бала емделіп шықты, ал қалғандары ауруханаларда ем қабылдауда.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасында COVID-19 індетін емдеудің клиникалық хаттамасын әзірледі.

Осы орайда Риза Боранбаева Қазақстанда енді 3 хаттама болатынын атап өтті. Бірінші хаттама ересектерге, екіншісі жүкті әйелдерге, сондай-ақ үшінші хаттама балалар арасындағы COVID-19 індетіне арналған.

«Хаттама дайын, оны осы аптада қарастырып, бекітеміз деп ойлаймын. Атап айтқанда, балаларды емдеу жүріп жатыр, себебі COVID-19-дың диагностикасы мен ем-дом шаралары жалпы хаттамада болды. Қазір біз оны кеңейтіп, жүйелендірдік, сондай-ақ мультиқабыну синдромын (Кавасаки тәрізді синдром) енгіздік. Менің ойымша, хаттама апта ішінде бекітілетін болады», - деді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар