Министрлік зейнетақы жинағын депозитке аудару мүмкіндігін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорындағы ең төмен жеткілікті шектен артылған қаржыны «Отбасы банктегі» депозитке аудару мүмкіндігі туралы тараған ақпараттың «арнайы шотқа» қатысы жоқ. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БЖЗҚ-дағы ең төмен жеткілікті шектен артылған ақшаны «Отбасы банк» депозитіне аудару тек 2022 жылдан бастап мүмкін болатыны туралы хабар тараған болатын.

«Министрлік Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын ескере отырып, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірлеп, 24 қыркүйекте мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберген болатын. Бірыңғай ұстанымды әзірлегеннен және Еңбекмині, ҚР ҰБ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мақұлдау берген соң қағидалар заңды күшіне енеді», - делінген ресми мәліметте.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мамандары «Отбасы банк» депозитін біржолғы зейнетақы төлемін емделу мен тұрғын үй мәселесін шешу үшін ашқан арнайы шотпен шатастыруға болмайтынын айтады. Айтуларынша, бұл біржолғы зейнетақы төлемдерін баспана мәселесіне жұмсаудың жолын жеңілдете түсетін қадам болмақ.

«Қазақстандықтар «Отбасы банк» арқылы ипотека рәсімдеу үшін депозит ашып, соған салым салу арқылы, бастапқы жарнаға қажет соманы жинақтап келді. Енді сол депозитке БЖЗҚ-дағы ең төмен жеткілікті шектен артылған соманы бірден аударуға болатындай жағдай жасамақшымыз. Бүгінгі жаңалықтың мәні осында. Ал «Отбасы банктегі» біржолғы зейнетақы төлемін емделу мен тұрғын үй мәселесін шешу үшін пайдалануға арнап ашылған «арнайы шотқа» ешкім шектеу қойып отырған жоқ. Бұрынғысынша емдеуге де, тұрғын үй мәселесін шешуге де ақша аударыла береді», - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметінің мамандары.

Еске салайық, 2022 жылы біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтеріледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец аталған шекті мөлшер неліктен арттырылатынын түсіндірді.
Соңғы жаңалықтар