Митингіге баламен барғандарға жауапкершілік күшейтілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Балаларды митингіге апарғандарға айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу шаралары қарастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай түзету ескерілген.

«Балалардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің аса маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ митингілер туралы заңнаманы жетілдіру мақсатында кәмелетке толмағандарды рұқсат етілмеген жиындарға тартқаны және оларды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылды», - деді Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаров.

Отырыста заң жобасына қатысты ұсынылған мәліметтерде аталған мәселе бойынша айыппұл мөлшері көрсетілген.

«Кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып өткізілген жиындарға, митингілерге, шерулерге, демонстрацияларға және қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық білдірудің көрсетілген нысандарында пайдалану – жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді», - делінген түсіндірме материалда.

Мұндай норманың енгізілуіне азаматтардың санкцияланбаған митингке кәмелетке толмаған балалармен шығу фактілері бар екені атап өтілген. Сол арқылы олар кәмелекет толмағандардың денсаулығының физикалық және психикалық тұрғыдан орнықты дамуына нұқсан келтіреді.

Осыған байланысты рұқсат берілмеген акцияларға кәмелекетке толмаған адамдарды тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қолдану ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар