Моңғолия қазағы ІТ саласында 5 мың маман дайындап шығарды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Киш аралындағы жерасты қаласы - «Фарс»

Тарихы 2500 жылдан асатын бұл ежелгі жерасты қаласы жер бетінен 16 метр тереңдікте орналасқан әлемдегі жалғыз маржан аралы, яғни Киштың жүрегінде. Бұл туралы осы аптада Рarstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, бұл қала туннель сынды және төбесі табиғи маржандар мен айғұлақтарға толы. Бұл жерасты қаласының төбесінің биіктігі - 8 метр. Киш - Иранның Парсы Шығанағында орналасқан ең әдемі аралдарының бірі. Көгілдір теңіз, теңдессіз маржан әрі құмды жағалаулар, түрлі-түсті балықтар мен су жануарлары, пальма ағаштары бұл аралға ерекше көрініс сыйлайды.

Ал жер асты Карзин қаласы көпшіліктің назарын өзіне тартады. Киш аралы мен оның жағалауларының бір бөлігінде маржандар көп болғандықтан оның маңындағы теңіздің суы мөлдір болып келеді. Сол себепті аралда көптеген туристерді байқауға болады. Оның үстіне, Киш аралы еркін сауда аймағы болып табылады. Сондықтан Иранның туризм және сауда байланысының маңызды стратегиялық аймағы.

Кәдірбек Сайлауұлы: Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткіземіз - kaznews.mn

Соңғы жылдары сандық жүйеге көшу туралы көп айтылып, сол үшін әлемнің дамушы елдері көптеген талпыныстар жасап жатқаны белгілі. Жаңа технологияны тиімді пайдалана алмағандар заман көшінен қалып жатқандықтан, компаниялар жедел ақпараттық технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланып, ісін ілгері бастыруда.

Моңғолиядағы сондай компаниялардың басты серіктестерінің бірі - өз саласынан ойып орын алған «Empasoft» компаниясы. Осы аптада моңғолиялық kaznews.mn ақпарат порталы аталған компанияның негізін қалаушы Кәдірбек Сайлауұлымен сұхбаттасып, компаниясын қандай тәсілмен басқаратыны жайлы көлемді материал жариялады.

К. Сайлауұлы Түркияда ақпараттық технология мамандығын игеріп келген соң жеке компания құрып, «Empasoft Academy» арқылы бүгінге дейін осы салада 5000-дай маман дайындаған. Бұл академияны бітіргендер әлемдік жоғары технологиялық компанияларда жұмыс істеп, Моңғол елінің іскерлік саласының әрбір тармағында біліктілігін жұмсап, биік нәтижелерге қол жеткізіп жүр, деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Кәдірбек Сайлауұлы ақпараттық технология компаниясын қалай құрғаны туралы кеңінен тоқталады.

Оның айтуынша, IT саласындағы атқарған істері елдің дамуына өзіндік ықпалын тигізуде. «Ақпараттық технология (IT) күн сайын өзгеріп, дамып отыратындықтан біздің жұмысымыз соған сәйкес динамикалық қозғалыста болады. Шағын адаммен өнімді еңбек етуді мақсат тұтып, 13 жыл ішінде осы салаға айтарлықтай үлес қостым деп айта аламын» дейді IT маманы.

К. Сайлауұлы Түркияның Анкара қаласында ақпараттық технологиялар бағытындағы жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осы бағытта білім беретін институттар мен университеттердің оқу сапасы нашар болумен қатар арнайы білім беретін орындар аз екенін байқаған. Сондықтан Түркияда бірге оқыған досымен бірлесіп, 2006 жылы ақпараттық технологиялар оқыту орталығын ашып, компанияны «Empasoft» деп атаған. Соның нәтижесінде бүгінге дейін мемлекеттік сертификатпен 5000-дай инженер-маман әзірлеп, «Empasoft Academy» деңгейіне жеткізген.

«Біз технолгиялық оқытумен қатар мемлекеттік мекемелерге IT кеңес беру қызметін ұсынамыз, дижитал трансформациялау, ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешіп беріп, бұлттық есептеу (Cloud computing) технологиясын енгізудеміз. Сондай-ақ әлемге танымал бағдарламалармен қамтамасыз етуші 20 компаниямен бірлесіп, өнімдерін таратамыз», - дейді IT маманы.

«Жұмыс тәсіліңіз қандай? Орташа тәуліктік жұмыс күніңіз қалай өтеді?» деген сауалға жауап берген Кәдірбек Сайлауұлы әр маманды дұрыс бағалай білу маңызды екенін айтады.

«Адамды басқару дегеніміз - оны қалай бағалайтыныңызға тікелей қатысты ұғым. Дұрыс бағалай білсеңіз, адам жұмысынан күш-қуат, ләззат алатындықтан құрметтеу мен сыйлата білуді маңызды санаймын. Адамдармен жылы, дұрыс қатынас жасауға тырысамын. Оларды тыңдап, түсініп, орнына өзіңді қойып, кемшілігінен гөрі артықшылығына назар аударған жөн. Тәжірибеге қарағанда осындай тәсілмен жұмыс жүргізе берсе, біраздан кейін адамның осал тұсы да байқалмай қалады» дейді компания басшысы.

Оның айтуынша, компания талаптарына сай келіп, құрамға енген адам жұмыс істей алмайды деген болмайды. Керісінше, оны пайдалана алмауымыз мүмкін. «Ол мәселе мен және менің жұмысшыларыммен тез тіл табысып кетуіме байланысты болады» дейді ол.

Кәдірбек өзінің көп қолданатын, пайдалануға құштар жұмыс құралын, сондай-ақ қолданбалы бағдарламалары қандай екенін айтады.

«Біз «Microsoft»-тың бұлттық технологияларының кешенді бағдарламаларын пайдаланамыз. Үлкен дата (Big data) өндіріліп жатқан қазіргі заманда кез келген компания ақпаратын жоғалтып алу қаупі бар болғандықтан «Microsoft Office 365» бағдарламасын қолданамыз. Сондай-ақ Microsoft Teams, Power BI, Outlook– терді де қажетке жаратамыз. Одан басқа What3words, Shazam, Telegram, Skyscanner қатарлы аппликейшндер тұрақты қолданысымда бар», - дейді Кәдірбек Сайлауұлы.

Аталған көлемді материалда ІТ маманы болудың өзі білетін көптеген сырларымен көліседі. Ол қазіргі басты мақсаттары IT қызметтерін классикалық деңгейге жеткізуге күш салып отырғанын айтады.

«Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізуге талпыну үстіндеміз. Осы мақсатта кабинеттік оқытумен қатар онлайн жүйеге көшіп, жаңа платформаны дамытып, контент дайындаудамыз. Бұл платформаны осы айдың аяғында әлеуметке таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ұйым мекемелер үшін сандық трансформациялау дегеніміз тек технологиялық емес, 100 пайыз адамдардың тұтынуы мен білім дәрежесіне байланысты болғандықтан оңайға түспейді. Технология жылдам дамыса да, адамдардың оны игеруі баяу. Сондықтан технологиялық кешенді контентті онлайн жүйесінде тарату азаматтардың технологиялық білімін жетілдірудің ең тиімді тәсілі деп ойлап, бұл жобаны қолға алып отырмыз. Келешекте бұлттық технологияға баса назар аудармақпыз. Қазіргі кезде кім ақпараттық технологиялық артықшылықтарды қолданысқа енгізеді, сол табысқа жетіп отыр. Басқаша айтсақ, XXI ғасырдағы кез келген кәсіптің келешегі технологияны қалай ұтымды пайдаланып, сандық трансформациялануына қатысты болады. Мысалы, соңғы уақытта еліміздің тау-кен саласы компаниялары бізге сұраныс жасап, сервис алатын болды» деп ойын түйіндейді «Empasoft» басшысы.

Қазақстан жылы аясында Ташкентте «Жапон күзі» өтті - ӨзА

Биылғы Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» аясында көптеген шаралар ұйымдастырылып жатқаны баршаға аян. Сол шаралардың жалғасы ретінде тағы да өнерсүйер қауым үшін «Дегдар» гуманитарлық қоры және JTI компаниясының ұйымдастыруымен «Жапон күзі» фестивалі өткен.

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

«Мұнда сіздер тек Жапон елінің дәстүрлі музыкалық сазымен танысып қана қоймай, әлемдік классика мен джаз музыкаларынан ләззат аласыз. Өйткені бұл фестивальде әлемге әйгілі жапондық органист музыкашы Кейко Иноуэ, «Музыкалық ара» деп аталатын ерекше музыкалық аспапта ойнайтын музыкант Сакита Хаджиме, сондай-ақ Қазақстандағы үздік этно-фольклорлық ансамбльдердің бірі «Астана сазы» мен өзбек ұлттық музыкалық аспаптарымен өнер көрсететін «Registan» өнер ұжымы қатысты» деп жазады өбекстандық басылым.

Аталған фестивал Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясының орган залында 24 қыркүйек күні өтті.

Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарының нышандары таңдалды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Әлемнің 35 елінің дизайнерінен келген 6 мыңға жуық үлгіден панда мен қытайлық қолшам таңдап алынды, деп хабарлайды People Daily . Панданың аты - Биң Дунь дунь (мұз кристалды панда – авт.). Бірінші иероглиф қытай тіліндегі мағынасы «мұз» яғни, ол тазалық пен күш деген мағынаны білдіреді.

Олимпиада ұйымдастырушылары нышанды «Мұздай костюм киген ол (панда) алтын жүректі және барлық спорт түрлерін жақсы көреді», - деп суреттейді.

Жоспарланғандай, Биң Дунь дунь спортшылардың мықты денесін және шексіз олимпиадалық рухты білдіреді.

Паралимпиада ойындарының символы қызыл түсті қытайлық дәстүрлі шам Сю Ронгонг болды. Оның есіміндегі алғашқы таңба аудармада «қар» дегенді білдіреді.

«Ол шам біздің жүрегімізді жылытып жіберді», - деді 2022 жылғы Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті.

Аталған шараға ҚХР Мемлекеттік кеңестің орынбасар төрағасы, XXIV қысқы Олимпиада ойындары басшылық ету группасының бастығы және Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті қатынасты.

Айта кетейік, қысқы Олимпиада 2022 жылы 4-22 ақпан аралығында, Паралимпиада ойындары 4-13 наурыз аралығында Қытай астанасы Бейжіңде өтеді. Олимпиада ойындарында жүзден астам медаль жиынтығы сарапқа салынады

Мұрат Дәкейұлы салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады - KAZNEWS

Моңғолия Ұлы құрылтай депутаты Мұрат Дәкейұлы өз бастамасымен салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап қайтты. Бұл туралы моңғолиялық KAZNEWS ақпарат порталы хабарлаған болатын.

«Ұлы құрылтай депутаты М. Дәкейұлы өзі сайланған аумағында халықпен кездесу ұйымдастырып, көпшіліктің ой-пікірін тыңдады. Сонымен қатар, өз бастамасымен салынған Дэлүүн сұмыны мектебінің 150 балаға арналған жатақханасының жұмысымен және жаңадан салынып жатқан Мәдениет орталығы, орталық монша құрылысымен танысты» деп жазды моңғолиялық БАҚ.

Қытай режиссеріне «Өмірлік табыс» жүлдесі беріледі - TRT

26-шы рет өткен Алтын Коза Халықаралық фильм фестивалінде қытайлық кинорежиссер Шие Фи «Өмірлік табыс» жүлдесін алады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Адана қала әкімшілігінен жасалған жазбаша мәлімдемеге қарағанда Берлин Фильм фестивалінде Алтын Аю және Күміс Аю жүлделерін жеңіп алған режиссер Шие Фи 23-29 қыркүйекте ұйымдастырылатын фестивальге қонақ болады. Алтын Коза Халықаралық фильм фестивалінде фильмдері топтық көрсетілетін режиссер Шие Фиге «Өмірлік табыс» жүлдесі беріледі. Шие Фи фестиваль аясында ұйымдастырылатын іс-шарада Қытай киносын бүгінгі табысқа жеткізген процесс және кинематография туралы баяндайды» деп жазады түркиялық БАҚ.

Соңғы жаңалықтар