Моңғолия кириллицадан бас тартып, көне жазуын жаңғыртпақ - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия кириллицадан бас тартып, көне жазуын жаңғыртпақ - KAZNEWS

Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталының дерегінше, көне моңғол жазуының кириллицадан, латиницадан, тіпті заманауи қытай жазуынан айырмашылығы, сөздер көлденеңнен емес, тігінен – жоғарыдан төмен қарай жазылады. Бұл жазу ортағасырлық көне ұйғыр және соғды әліпбилерінен бастау алады.

Тарихшылардың айтуынша көне моңғол алфавитін XIII ғасырда Найман хандығының оқымыстысы Тататунға жасаған. Қолданыстағы кириллицадан бас тарту туралы ұсыныстар Моңғолияда 1990-шы жылдардан бері көтеріліп келеді. Әу баста латын алфавитіне көшу ұсынылды. Бірақ бастаманы қоғам да, зиялы қауым да қабылдамапты. Себебі, болмысы, бітімі, өмір салты моңғол ұлтымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстың жазуын қабылдау – тарихи сабақтастыққа балта шабу ретінде бағаланған.

«Кириллицаны сақтап отыра берсек, біз ұлы тарихымыздың тек 80 жылдық үзіндісіне жабысып, соны ғана қолдаймыз. Ал көне моңғол жазуына көшіп, соны сақтасақ, онда мыңдаған жылдар бойғы мираспен байланысымызды қайта қалпына келтіріп, бабалармен қауышамыз», – дейді Моңғолия мемлекеттік университетінің көне моңғол зерттеулер бөлімінің басшысы Далайн Заяабаатар.

«2015 жылғы ақпанда Моңғолия Парламенті – Мемлекеттік ұлы хурал «Моңғол тілі туралы» арнайы заң қабылдап, көне моңғол жазуын үйренуді міндетті етті, оны мектеп бағдарламасына енгізді. Заң сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұратын барлық тұлғаларды көне моңғол жазуын білуді міндеттейтін талап енгізді. Жеке басты куәландыратын құжаттар осы жазбамен жазылады. Моңғолия Президенті Х.Баттулга 2018 жылы «Моңғол тілі туралы» заңның 9.1.3 бабына сәйкес «Моңғол жазуының қолданыс аясын кеңейту» туралы жарлық шығарған. Моңғолия Үкіметі «Моңғол тілі туралы» заң, Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша «Моңғол жазуының ұлттық бағдарламасы – III» -ын дайындаған болатын. Бұдан бөлек, Моңғолияның заңдары мен мемлекеттік актілері міндетті түрде көне моңғол әліпбиімен қатар берілуге тиіс. Бұл заңның кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы арқылы моңғол елі біртіндеп, кириллица ықпалынан шықпақ», - деп жазады KAZNEWS порталы.

Дереккөзінің жазуынша, Президент ұлттық құндылықтарды жаңғырту, моңғол жазуын дәріптеу, үйрету, балалармен қатар ересектерге де ұлттық жазуды үйренуге құлшынысын ояту үшін телесабақ өткізген.


«Дәстүрлі тері шаңғы жасау өнері» мен «Қыз қуар» мемлекеттің ұлттық материалдық емес мәдени мұрасы болып таңдалды - «Ағажай-Алтай» сайты

Қытайдың Мәдениет және туризм министрлігі «5- топтағы ұлттық материалдық емес мәдени мұралар тізімін» жариялады, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

«Мәдениет және туризм министрлігі Қытайдың барлық облыстарынан ұсынылған 943 жобаны саралап, солардың ішінен 198-ін ұлттық материалдық емес мәдени мұралар қатарына қосқан. Ал Алтай аймағынан қазақ халқының «Жылқы теріснен шаңғы жасау өнері» мен «Қыз қуар» ұлттық ойыны осы ұлттық деңгейдегі мұралар қатарына сәтті таңдалған. Бұған дейін Алтай аймағында «Қазақ дастаны», «Моңғолдың чуры», «Моңғолдың сыбызғысы», «Бәйге» (қазақ ұлты), «Қазақ медицинасы» секілді 5 мемлекеттік және 42 өлкелік материалдық емес мәдени мұралары болған. Ендігі жерде бұл мәдени мұралар мемлекет тарапынан ерекше қорғалып, дамытылып, жұртқа нәсихатталып отыратын болады», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Еске сала кетейік, Ғалымдар 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы шаңғы тебу бейнеленген жартас суретін зерттеп, оны біздің заманымыздан бұрынғы 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындаған. Осыдан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысының мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Алтай қаласының іргесіндегі Ноғайты ауылында тұратын Сыламбек Сақашұлы байырғы қар шаңғысы материалдық мұрасының жалғастырушы, мұрагері ретінде танылған. Бұл ауылда Сыламбек ақсақал бастаған бір топ қар шаңғы жасау шеберлер тұрады. Сондықтан бұл ауылға тері шаңғының жасалу ерекшелгін көруге саяхатшылар арнайы атбасын бұрады.


Дастан Қаламханұлы халықаралық байқауда жүлдегер атанды - KAZNEWS

Суретші Дастан Қаламханұлы «New York Realism» халықаралық бейнелеу өнері байқауының «Жасыл әлемге саяхат» жанрында қола жүлдеге ие болды. Ол бұл жүлдені «Алтай көші» деп аталатын туындысы үшін алып отыр, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Аталған байқауға АҚШ, Германия, Франция, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан қатарлы елдерден суретшілер қатысып, өздерінің туындыларын ұсынған. Осыған дейін 2018 жылы Дастан Қаламханұлының «Атпаған таң» туындысы Туран халықаралық байқауының жүлдесін, ал 2019 жылы «Бүркітші» туындысы АҚШ-та жеңімпаз атанған болатын», - деп жазады KAZNEWS порталы.


Түркі Кеңесінің коронавирусқа байланысты жиналысы өтті - TRT

Түркітілдес Мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Медициналық ғылыми кеңесінің бесінші видеоконференция жинынында коронавирусты алдын алу және вакцинаға қатысты мәселелер көтерілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түрік кеңесінің Бас хатшы орынбасары Өмер Кожаман жиында сөйлеген сөзінде Түрік Кеңесі және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы арасында медицина саласында жүргізілген ынтымақтастықтар, секретариат тарапынан жүргізілген жұмыстар жөнінде қатысушыларға мәлімет берді. Түркия Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алп Меше де елдегі вакцина жұмыстарының соңғы жағдайын айтып берді. Алп Меше түрік тарабының мәлімет бөлісуге және мүше елдерге көмектесуге дайын екенін атап көрсетті. Хаджетте Университетіен Проф. Арзу Топелі Искит те реанимациялық бөлімдерде коронавирус науқастарының емделу туралы баяндама оқыды. Ол эпидемиямен күресте емдеу әдістері және статистикалық деректерді жеткізді», - деді TRT.


Өзбекстан Кеден туралы халықаралық конвенцияға қосылды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасы Кеден туралы халықаралық Киото конвенциясына қосылды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Кеден рәсімдерін жеңілдету және үйлестіру туралы халықаралық конвенцияға Өзбекстан Республикасының қосылуы туралы» заңға Президент қол қойды, делінген хабарламада. Сенат мәжілісінде бұл елдің әлемдік экономикаға интеграциялануына және ДСҰ-ға кіруіне оң әсер етуі керек, деп мәлімделді. Атаулы заңға сәйкес, Өзбекстан осы Халықаралық конвенцияға қосымша шарттармен қосылады», - деп жазады «ӨзА».


Қазақтың ұлы ақыны Абайды еске алу рәсімі өтті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен және ИИР елшісінің қатысуымен «Абай шығармасындағы түркі-парсы ақындары» атты халықаралық отырыс бейнеконференция форматында өтті, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Иранның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабер осы отырыста Иранда «Абай жолы» романының басылып шыққанын, Ұлттық кітапханада ұлы ақынға ескерткіш қойылғанын айтып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір көшеге Хафиз атын және Теһранда бір көшеге Абай атын беруге ұсыныс жасады. Иранның Қазақстандағы елшісі: «Абай парсының атақты ақындары, соның ішінде Фердоуси, Хафиз, Сағди мен Низамиден шабыт алып, өлең жазған»,-деді.

Осы отырыста Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан, Мысырдың шығыстанушылары мен әдебиетшілері және Иранның Алматыдағы бас консулы, Теһран мен Алламе Табатабаи университеттерінің ұстаздары мен Сағди ұйымының өкілдері сөз сөйледі», - деп жазады деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар