Моңғолия жазушысы Сұлтан Тәукейұлы: Абайды тану арқылы қазақ өз болмысын табады

None
None
БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы биылғы ақын мерейтойының шымылдығы іспеттес болды. Осы мақалаға орай, Қазақстандағы және шетелдегі зиялылар, қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар өз пікірлерін де ортаға салуда. Солардың бірі Моңғолияда тұратын қандасымыз, Моңғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, доктор, профессор Сұлтан Тәукейұлының пікірі. «ҚазАқпарат» ХАА Моңғолиядағы қандас жазушының пікірін оқырманға ұсынады.

* * *

2020 жылы Қазақстан Республикасы мен Қазақ халқы үшін маңызы зор үлкен-үлкен даталы шаралар өткізілмек. Атап айтсақ, Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық, Алтын орданың 750 жылдық, Абайдың 175 жылдығы қатарлы көптеген айтулы мейрамдар өткізілуі жоспарланып отыр. Соның ішінде Абайдың туғанына 175 жылдық мерей тойдың орны алабөтен. Ол туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тамаша мақала жазды. Бұл мақаланың маңызы аса жоғары. Мақаладағы негізгі ой - той өткізіп қана қою емес, халықтың рухани қажеттілігін өтеу, ондағы олқылық болса, соның орнын толтыру. Бұл ең дұрыс бастама.

Меніңше, «Абай тойы дегеніміз – Абай тану» деген сөз. «Абай тану» дегеніміз - «Қазақты тану» деген сөз. Біз Абайды тану үшін, әуелі Абайды оқуымыз керек, түсінуіміз керек, түбіне терең бойлауымыз керек. Мәселен, Абай арқылы қазақтың өткені мен болашағын білуге әбден болады. «Қазақ» дегенде Абайдың өмір сүрген заманы XIX ғасырдағы қазақ пен бүгінгі XXI ғасырдағы қазақтарды қатар танимыз. Айналып келгенде «Абайды тану» дегеніміз шын мәнісінде қазақтың өзін-өзі тануы деген сөз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай әлемі бірегей үлкен құбылыс» деп белгіледі. Неге үлкен құбылыс? Өйткені Абай сегіз қырлы, бір сырлы. Ол нағыз толық адам. Толық адам туралы анықтаманы жасаған ақын бір өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» дейді. Яғни ақыл, қайрат, жүрек үшеуін тоғыстыра алмасаң толық адам бола алмайсың деген-ді. Ал бүгінгі қазақ қоғамында қанша толық адам бар? Өкініштісі, бүгінгі таңда ондай толық адам табу оңай шаруа болмай тұр. Өйткені, қазақта Абайдай толық адам некен-саяқ.

Абай қашық болатын бес дұшпанды, асық болатын бес асыл істі жазып кетті. Бұны да толық адамның сыпаты деп ұғынған дұрыс. Мысалы: «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ - бес дұшпаның білсеңіз» дейді. Абайдың өз басы осы бес дұшпаннан аулақ болған. Ол пәк, жаны таза адам. Ал, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой - бес асыл іс білсеңіз» деп өз бойына осы бес асыл қасиетті жиды. Сондықтан да Абай нағыз толық адам. Толық адамның сыпатын бойына, қанына сіңірген жан. «Абайдан қалған сөз жоқ»- деп ілгерідегі қариялар тамсана айтып отыратын. Абайды бізден көрі біздің әке-шешелеріміз, бабаларымыз жақсы түсінген. Керісінше бүгінгі қазақ сіз бен біз Абайдың жанын шала түсінеміз. Ең өкініштісі кейбір жастарымыз Абайды түсінбек түгелі оқымаған, тіпте кейбіреуі есімін де білмейді.

Міне, «Абай тану» дегеніміз Абайдың өмір жолын зерттеу, зерделеу, шығармашылығымен танысу, пәлсапасына терең бойлау деген сөз. Абайдың жанын ұғу арқылы қазақтың жанын ұғамыз. Себебі, Абайдың тұла бойына қазақтың барлық жақсы қасиеттері тоғысқан. Оны біз Абайдың шығармасынан да табамыз. Абайдың шығармаларынан, әсіресі тұңғыш «Ғақлия» деген атпен жарық көрген пәлсапалық қара сөздерінен көп пайдалы нәрсе кезіктіруге болады. Мұнда Абай XIX ғасырдағы қазақтың проблемасын көтереді. Сөйте тұра, XXI ғасырда Абайдың көтерген проблемасы сол қалпында маңызын жойған жоқ.

Тіпті қазіргі күні қоғамда өзекті болып отырған билік пен халық арасын жақындату мәселесіне келсек, мұны да кезінде бірінші болып Абай көтерген. Қоғамның дертіне айналған «бармақ басты, көз қыстылықты жою қажет, халықтың пікіріне құлақ асу маңызды» деді ұлы ойшыл.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында аса маңызды тағы бір мәселе бар. Ол - билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату. Билік халықпен санасады, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешеді. Бұл тек айтылып қана қоятын дүние емес. Қазір де Қазақстанда Президенттің бастамасымен көптеген шешімдер де шығарылды. Көп балалы аналар мен жас отбасыларды және тұрмыс тіршілігі төмен отбасыларды мемлекет қамқорлығына алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақыны қосу қатарлы игілікті істер қолға алынды. Бұның барлығы қоғамды дамыту мәселесі. Кезіндегі Абайдың көтерген мәселелері. «Абай 40 жасынан бастап өндіріп жазған» дейді Мұхтар Әуезов. Алайда аз жазса да көп нәрсені толғады. Барлық саладағы проблемаларды қозғады.

Абай әлем деңгейіндегі адам. Үлкен ғұлама. «Хақім» дегеніміз дана, ғұлама деген сөз. Әрбір ұлт пен елді танытатын хәкімдер бар. Моңғол елін әлем Шыңғысхан арқылы біледі. Қай елге барсақ та, моңғолдан келдік десек «Шыңғысханның елінен бе?» деп сұрап жатады. Біз Қазақстанды Абай арқылы танып, Абй арқылы әлемге танытуымыз қажет. Қазақпын, Қазақстаннан келдім десе, «Аа, Абайдың елінен келдің бе?» деп шеттегі елдер сұрайтын дәрежеге келсе ғой... Өйткені Абай әлемдік деңгейде ойлаған, толғаған адам.

Абайдың пәлсапасы өткен дәуірдегі Сократ, Аристотель, Плотандармен деңгейлеседі. Қарасөздерінде «Сократпен сырласу» атты бөлім бар. Абай XIX ғасырдағы батыстың философтарын тұтас оқып, зерттеген. Өзінің толғаныстары да солардың туындыларымен қатар дәрежеде. Әлемдік деңгейде ойлау деген осы. Абайдың поэзиясы, қарасөздері, тұтас сол қалпынша пәлсапа. Барлығы тәрбиелік мәнге ие. Онда бос сөзді ұйқастырып жиып-теріп жазған өлеңдер жоқ.

Абайды әлем деңгейіне таныту қажеттігінің бір негізі – Қазақстанды да Абай арқылы әлем деңгейіне көтеру. Бірақ та, алдымен оның өзіміз, өз қазығымыз толық танып алайық. Өзіміз білмей жатып басқа елге танытамыз дегеніміз бос қиял, далбасалық. Абайды тану үшін қазақи болмыс пен қазақи зерде, мінез керек. Абайдай болмаса да ұқсап бағатын зиялы қауым қажет. Абай бұрын да оқылған, насихатталған. Дегенмен олардың барлығы үстірт жасалған қорытындылар еді.

Абайды алғаш таныған, алғаш бас ие мойындаған – Алаш қайраткерлері болса, әлемге танытқан – Әуезов. Осындай өзектерден тұратын «Абай тану» саласы жан-жақты ғылым. Үстірт оқып, екі өлеңін жаттау арқылы ұлы ойшылдың тұңғиығына бойлай алмаймыз. «Абай танудың» шыт жаңа негізін қалауымыз қажет. Мақаланың маңыздылығы да осында.

Қуат Уатқан






Соңғы жаңалықтар