Моңғолияда қазақ киносының күндері өтіп жатыр

None
None
ҰЛАН-БАТЫР. ҚазАқпарат – Бүгін, 28 қарашада Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында Қазақ киносының күндері басталды.

Екі күн бойы қазақстандық фильмдер көрсетілетін іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатыр.

Кинокөрсетілімді Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесіп ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ киносының күндері 28 қарашада қазақстандық режиссер Рүстем Әбдіраштың түсірген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмінің көрсетілімімен басталды. Фильмде ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың тұлғасы мен мінезінің қалыптасуы, оның алғашқы сәтсіздіктері мен жеңістері, орындалған үміттері мен армандары туралы баяндалады.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Моңғолия астанасының көрермендері Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және «Шал», Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы: Алтын тақ» және Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» сияқты кинотуындыларын тамашалайды.

Жобаның басты мақсаты қазақ халқының тарихы мен дәстүрін таныстыру, мәдениет саласындағы екіжақты қатынасты нығайту, сондай-ақ Моңғол көрермендерін Қазақстанның қазіргі киноматографиясымен таныстыру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар