Моңғолиялық қандасымыз Малайзиядағы автораллиде әлем чемпионы атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақтың ұлттық шаңғы спортын насихаттау шарасы өтті - Тяньшаньнет

Қазақтың дәстүрлі тері шаңғысын қайта жаңғырту мақсатында 15 желтоқсан күні Шынжаңның Алтай аймағы, Көктоғай ауданындағы шаңғы алаңында кең көлемді спорттық шара өткізілді, деп хабарлайды «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Бұл жолғы спорттық шара 2020 жылға жоспарланған мемлекет көлеміндегі спорт ойындарының бастамасы екен.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, Алтай аймағы «Адамзаттың шаңғы тебу ошағы» деп аталады. Осы жолы қар шаңғыларының ішінде тері шаңғысы басты назарда болғанын жазады қытайлық БАҚ.

Жергілікті тұрғындар пайдаланатын тері шаңғысы ең байырғы қар шаңғының бір түрі. Теріден жасалған қар шаңғысы қысы ұзақ, қары қалың Алтайдың жергілікті тұрғындары үшін ежелден бері пайдаланып келе жатқан қыстық көлік құралы. Таулы жерде көлік қатынасы қолайсыз болғандықтан, жергілікті қазақтар тері шаңғыны кеңінен пайдаланған. Аңшылар мен шаруалардың негізгі көлігі осы тері шаңғысы болған. Шаңғының өзегін қайың мен қарағай ағашынан жасап, сыртын жылқы сирағының терісімен қаптайды. Орнынан қозғалып, екпін алу үшін бір таяқты ғана қолданған. Басқа қар шаңғыға қарағанда, теріден жасалған шаңғының өзіндік ерекшелігі - өрге шыққанда тері жүніне қарсы бағытта болғандықтан, биіктен артқа сырғып кетпейді. Таудан төмен сырғанағанда бір бағытта жығылған тері жүніне бағыттас болғандықтан, жылдамдығы басқа қар шаңғылардан тез болады.

Еске сала кетейік, Алтайдағы байырғы қар шаңғысы бейнеленген жартас суретін зерттеген ғалымдар, оны 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындаған. Осыдан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысы мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Forbes Uzbekistan басылымының басшысы Қазақстандық болады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Әлемдегі ең танымал экономикалық-қаржы жайындағы мәліметтер бойынша ақпарат тарататын Америка журналы «Forbes» Өзбекстанда өз басылымын келер 2020 жылдан бастап шығармақ. Forbes Uzbekistan басылымының бас кеңсесі Ташкентте орналасып, журналдың алғашқы нұсқасы наурыз айында көпшілікке жол тартады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Атаулы басылым үшін рұқсатнаманы қазақстандық кәсіпкер Арманжан Байтасов алған. Ол редакцияның басшысы «Forbes Kazakhstan» журналының редакторы Анастасия Новикова болатынын мәлім етті.

«ӨзА» басылымның мәліметіне сүйенсек, Өзбек БАҚ-қа жаңадан енгелі тұрған ақпарат көзі екі тілде - өзбек және орыс тілді журнал мен веб-сайтын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта оның алғашқы нұсқасын шығаруға қызу дайындық басталып та кетті. Forbes Uzbekistan-ның негізін қалаушы Арманжан Байтасов Өзбекстанда Forbes Club-ті тікелей өзі жүргізбек ниетте.

Моңғолиялық қандасымыз Малайзияда өткен автораллиде әлем чемпионы атанды - kaznews.mn

Автораллиден «RFC-Grand Final -2019» әлем чемпионаты өтті. Малайзияның ну ормандарында 10 күнге жалғасып, мыңдаған шақырымды қамтыған жарысқа Моңғолия командасында қандасымыз Сабыржан Баянханұлы өнер көрсетті. Әлемнің ең мықты деген командалары мен спортшыларын артта қалдырған С. Баянханұлы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды моңғолиялық БАҚ.

Ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, Сабыржан Баянханұлы моңғолияның Эрдэнэт қаласында тұрады. Бұл бәсекеге Моңғолиядан алғаш рет өздері құрастырған автокөлікпен қатысқан. Айта кеткен жөн, кезекті жолсыз жердегі автораллиден Азия чемпионаты 2020 жылы Моңғолияда өтеді.

TRT арнасында жарияланған Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік хабары - TRT

Бауырлас Түркия елі - Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған ел. Қандастардан келген көптен күткен хабарды да радиодан да, теледидардан да әлемге паш етті, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Міне, сол Түркия Телерадио корпорациясы TRT арнасында жарияланған Қазақстанның тәуелсіздік алуы туралы хабарын көріңіздер» деген видеоақпаратын жариялайды түркиялық БАҚ.

Көрініс TRT мұрағатынан алынған екен.

Мектеп бағдарламасына жаңа оқу пәні енгізіледі - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстандағы жалпы орта білімдік мекемелерде «Тәрбие» пәні кезеңімен оқу бағдарламасына енгізілетін болады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Министрлер кабинетінің осы жөніндегі тиісті қаулысының жобасы талқылауға жіберілді. Онда, мектеп бағдарламасындағы «Әдеп», «Отан сезімі», «Ұлттық идея мен мәдениет негіздері» және «Әлем діндер тарихы» атты пәндер біріктіріліп тек «Тәрбие» сабағы болады. 1-9 сыныптарға арналған бұл пәнді 2020-2021 жылғы оқу бағдарламасына енгізу көзделіп отыр.

«Аталмыш бағдарламаны Өзбекстан Республикасы Халықтық білім министрлігі «Тәрбие» пәні бойынша жалпы мемлекеттік білім беру стандарты мен оқу әдістемесін дайындап енгізеді. Жоба бойынша 2020-2021 оқу жылында 1-9 сыныптардың, ал 2021-2022 оқу жылынан бастап 10-11 сыныптарға «Тәрбие» сабағын оқыту үшін мультимедиялық қосымшалар мен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс жасалатын болады», - деп түйіндейді uza.uz.

Соңғы жаңалықтар