Моңғолияның басты ақпарат агенттігіне 100 жыл

None
None
ҰЛАНБАТЫР. ҚазАқпарат – Бүгін Моңғолияның басты ақпарат агенттігі «МОНЦАМЭ»-нің телеграф қызметі ретінде жұмысын бастағанына 100 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде елдегі бірнеше БАҚ-тың басын қосып отырған агенттік 1921 жылдың 19 шілдесінде МОНТА – моңғол телеграф агенттігі ретінде құрылған болатын.

Агенттіктің 5 тілде хабар тарататын www.montsame.mn сайтынан бөлек, ағылшын, жапон, қытай және орыс тілдерінде, сондай-ақ, көне монғол жазуымен шығатын апталық газеттері бар. Ал Mongolia Today журналы тоқсан сайын ағылшын тілінде ақпарат таратады.

Елдің 21 аймағында агенттіктің бөлімшелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, Мәскеу мен Бейжіңде де меншікті тілшілер ұстайды.

Қазақстандық оқырмандарға «МОНЦАМЭ» агенттігі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің серіктесі ретінде таныс. Қазақстандық агенттіктің былтыр ғана өткен 100 жылдық тойына МОНЦАМЭ агенттігі де белсене атсалысқан болатын.

Тарихы мен мәдениеті жақын, іргелес екі елдің негізгі жаңалықтарын екі елдің басты ақпарат агенттіктері өзара ынтымақтастықтың арқасында жұртқа уақтылы жеткізіп келеді.

МОНЦАМЭ «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінен бөлек Азия-Тынық мұхиты аймағының OANA ақпарат агенттігімен, Ресейдің ТАСС, РИА Новости агенттіктерімен, Британдық Reuters агенттігімен, Қытайдың Синьхуа агенттігімен, Оңтүстік Кореяның YONHAP агенттігімен, Түркияның Anadolu агенттігімен үнемі ақпарат алмасып отырады.


Соңғы жаңалықтар