Мониторинг тобы елорда дәріханаларында коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмектің бар-жоғын тексерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы екі күнде елордаға 1 млн 200 мың қаптама дәрі-дәрмек әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанға екі жүк ұшағымен коронавирус, пневмония және басқа да бірқатар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек келді.

Келіп түскен тауарлардың тізімінде дәрі-дәрмектің 400-ге жуық түрі бар. Мысалы, ксарелто, цефтриаксон, клексан, азитромицин, дексаметазон, метилпреднизолон, ибупрофен, нимесулид, кардиомагнил, левофлоксацин, метронидазол, гепарин, нимесулид, ибуфен, парацетамол, офлоксацин және басқалар.

Барлық дәрі-дәрмек қала дәріханаларына жеткізіледі. Соңғы екі күнде елордаға 1 млн 200 мың қаптама дәрі-дәрмек әкелінді. Барлық дәрі-дәрмек қала дәріханаларына таратылады.

Дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады. «Феникс», «Гиппократ», «Цветная», «Максима Фарм», «Частная», «Медилаб», «Салауат», «А-Фарма» және басқа ірі дәріхана желілерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мониторинг тобы аталған дәріханаларда дистрибьюторлар тарататын дәрілердің болуын тексерді.

«Рейдтік шара барысында тұрғындар ең көп баратын 15 ірі дәріхана желісі қамтылды. Керек дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде жеткізілiп жатқанымен, сұраныс өте жоғары болғандықтан, олар азаматтар арасында бірден сатылып кетіп жатқаны байқалды. Сондықтан, дәріханалардың көпшілігінде дәрі-дәрмектерді жан басына тарату шектелген. Тұрғындардың көпшілігі дәріханаға кезекте тұрғанда қауіпсіздік шараларын, әлеуметтік қашықтық сақтамауда. Барлық келушілер санитарлық ережені қатаң сақтауы тиіс», – дейді қалалық жастар саясаты басқармасының бөлім башысы Ақұлан Тастемір.

Хабарланғандай, елордада дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейді. Дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағаны анықталса, азаматтар іKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуіне болады.

Дәрі-дәрмектің бағасы күмән тудырған жағдайда, dari.kz қосымшасы мен ndda.kz ресми сайты арқылы, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген сілтеме бойынша adilet.zan.kz тексеруге болады.

Үкімет пен елорда әкімдігі дәрі-дәрмек сатып алу мен әкелу рәсімдерін жеңілдету, логистика бойынша қолдау көрсетуде.



Соңғы жаңалықтар