Мұғалімдер жалақысы, үштілділік, ҰБТ: Тамыз конференциясында не айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұстаз қауымының жылына бір рет бас қосып, білім беру саласының өзекті мәселелерін кеңінен талқыға салып қана қоймай көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін, ойларын да ашық айтуына барлық мүмкіншілік жасалған жиындардың бірі – Тамыз конференциясы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.

Дәстүрге айналған бұл жиын бұған дейінгі жылдардағы шаралардан айрықша өтті десек артық айтқан емес. Себебі, Тамыз конференциясы тарихында ел Президенті алқалы жиынға алғаш рет қатысып, мұғалімдердің жағдайын көтеруге, жалпы білім мен ғылым саласын дамытуға қатысты келелі ойларымен бөлісіп, Үкіметке нақты тапсырмалар да жүктеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференция барысында отандық білім мен ғылым жүйесінің қордаланған 8 мәселесін шешуге қатысты сөз қозғады.

Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы мұғалімдердің біліктіліктеріне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым және материалдық қорға байланысты мәселелерді шешу үшін тиімді жұмыс істеу қажеттігін айтып, білім беру жүйесінің сапасына ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбауы теріс әсер етіп отырғандығын нақты айтты.

«Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екендігі түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің дайындық деңгейін бағалауға бағытталған оң идеяның да салғырттықпен әрі біржақты жүзеге асырылғандығына назар аударды.

Педагогтар мен оқушыларға жаңартылған білім мазмұны аясындағы білімді бағалау жүйесі де психологиялық жүктеме болып отырғандығын атап өтті.

«Теріс нәтиже болған жағдайда педагог оқу орнының басшылығы тарапынан қысымға ұшырап жатады. Себебі төмен баға мектеп рейтингіне теріс әсерін тигізеді. Бағалау жүйесінің қажет екендігі сөзсіз. Бірақ, бұл жерде салмақты әрі объективті қарау керек. Бұған қоса, педагогтарға қысымды болдырмау қажет. Жергілікті әкімдіктердің өздерінің өкілеттіктерін жиі асыра пайдаланып, білім беру жүйесіне ешқандай қатысы жоқ түрлі шараларға, әкімшілік мақсаттарға мұғалімдерді жұмылдыру тәжірибесі де тиылмай отыр. Үкіметке аталған проблемаларды шешу бойынша шұғыл, тіпті түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген екінші мәселе тәрбиеге қатысты болды.

«Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларына сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Кең ауқымды өтіп жатқан «Бірге таза Қазақстан» экологиялық акциясының дәл осындай бағыттары өте қажетті дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда ҚР Президенті балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайлары – бәріміз үшін қасірет екендігіне баса назар аудартты.

«Балалар неге ондай қадамға барады» деген сұрақ бойынша бәріміз ойлануымыз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуы тиіс», - деді Президент.

Айта кетерлігі, жиынға қатысқан ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин елімізде балаларға жасалған кез келген зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтіп қана қоймай, мұндай істерге келгенде тараптарға татуласу мүмкіндігін бермеу керектігін айтқан еді.

«Өйткені, мұндай істерге келгенде отбасыларға қоқан-лоқы көрсету немесе ақша беріп құтылу жағдайларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ақыры, зардап шексе де жәбірленуші тарап арызын қайтарып алады. Осылайша, балалардың құқығы қорғалмайды. Әлбетте, балаларға жасалған зорлы-зомбылық қылмысына кедергі келтіргендерге жауапкершілік жүктелуі керек. Әйтпесе, бұл процесті тоқтата алмаймыз. Егер нақты түйінді мәселелерді шешімін таба алар болсақ, онда нақты нәтижеге қол жеткізе алар едік», - деді ол.

Мемлекет басшысы орта білімді дамытудың одан ары стратегиясын айқындау қажеттігіне де ерекше назар аударып, 12 жылдық білім беруге көшу жұмыстарын оңтайлы жүргізуді Үкіметке тапсырды.

«Үкіметке осы ретте жаңа 12 жылдық модельге ойластырылған әрі орнықты ауысымды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жерде 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «ойластырылған әрі орнықты» ауысым деген сөзді ерекше атап отырмын», - деді Қазақстан Президенті.

Президент көтерген төртінші мәселе апатты және шағын жинақты мектептерге қатысты болды.

Мемлекет басшысының дерегінше, бүгінде еліміздің аумағындағы жалпы білім беретін 7 014 мектептің 128-і үш ауысыммен жұмыс істесе, 31 мектеп апаттық жағдайда тұр. 2019-2020 жылдар аралығында үш ауысымды оқытуды жойып, апаттық мектептерді алмастыру үшін республикалық бюджет есебінен 35 мектеп салынады.

«Біз демографиялық тенденцияларды ескере отырып, мектептер салу және жаңғырту ісін әрі қарай да жалғастырамыз», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

«Бесінші мәселе. Үштілді білім беру жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет. Бұл – өте маңызды. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Үштілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады.

Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің пайымынша, ағылшын тілін оқытуды
2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болмақ. Ал, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет.

Келесі көтерілген мәселе педагогтардың мәртебесін шынайы көтеру төңірегінде өрбіді. Осы орайда 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданатындығын айта кеткен орынды.

«Педагогтардың мәртебесін шынайы көтеруді қамтамсыз ету маңызды. Қазір айтып жатқанымыздың барлығы мұғалімдерге байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін педагогтардың жоғары мәртебесіне сөз жүзінде қол жеткізуіміз керек. Педагог мәртебесі туралы заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Бұл ұстаз жүктемесін қысқарту, ар-абыройының сақталуына кепіл беру, материалдық ынталандыру... Соның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистрлік деңгей үшін қосымша төлем және өзге де ынталандыру шаралары бар», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің айтуынша, мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. https://kaz.inform.kz/news/kasym-zhomart-tokaev-mugalim-zhalakysy-2-ese-osedi_a3557021 Сол себепті елдегі 500 мың педагог айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отыр. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыру тапсырылды.

Қ.Тоқаев білім беру ісіндегі теңсіздікті жою мәселесіне де баса назар аударып, ауыл мен қала балаларының арасында білім беру деңгейі бойынша айырмашылық болмауы керектігін айрықша атады.

«Білім беру стандарттары бірыңғай болуы тиіс. Бұл білім беру бағдарламасына да қатысты. Барлық балалар тұрғылықты орнына, ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне қарамай, сапалы білімге қол жеткізе алуы керек. Білім және ғылым министрлігіне табысы төмен отбасылар мен күрделі әлеуметтік жағдайда жұмыс істеп жатқан мектептердің балаларының академиялық артта қалуын жоятын арнайы бағдарламаларды дайындап іске қосуды тапсырамын. Облыс әкімдері бұл тапсырмамен түбегейлі айналысуы керек. Жер-жерде балаларымызға барлық жағдай жасау – олардың тікелей жауапкершілігі», - деді Президент.

Қазақстан Президенті көтерген соңғы мәселе ғылымды қаржыландыру ашықтығын қамтамасыз ету төңірегінде болды.

«Ғылыми ортада қаржыландыру жүйесіне сенімсіздік, сонымен қатар егде және жас ғалымдар арасында белгілі бір жіктелу байқалады. Сондықтан Үкіметке нақты тәжірибелік ұсыныстармен ғылымды мұнан ары институттық дамыту тұжырымдасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының жалпы отырысын қорытындылай келе отандық білімді дамытудағы еңбегі және қоғамдық белсенді қызметі үшін бірқатар педагогке мемлекеттік наградалар табыстады. Осыдан кейін жиын тізгінін қолға алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы бірқатар мәселе төңірегінде сөз қозғады. Мәселен, ол еліміздің мектептерінде өтетін ақылы олимпиадалар мен байқауларға қарсы екендігін ашық айтты.

«Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр болады. Кейде ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан, олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей көп әрі форматта ақылы олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ, бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент болады», - деді Білім және ғылым министрі.

Сонымен қатар министр 2021 жылы «Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде қайта енгізілетінін , ал биыл «Жеңіл портфель» жобасы жүзеге асырылатындығын айтты.

«Оқушы мәселен, талап-тілегі болса қағаз оқулықтарын сыныпқа, мектепте тастап кетіп, үйінде электронды оқулықпен дайындала алады. Ең бастысы, министрлік оқулықтардың электронды нұсқаларын пайдалануға құқық береді. Ары қарай ата-аналары өздері шешеді. Сол секілді жұмыс дәптері барлық сыныптарға міндетті болмауы тиіс. Педагогтар ата-аналарды жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттемеуі керек», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов айрықша тоқталған тағы бір мәселе Ұлттық бірыңғай тестілеу процедурасын трансформациялауға қатысты болды.

«Біз Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Мұндай ойымыз бар. Бізге ҰБТ гранттарды бөлудің ашықтығы мен әділдігіне кепіл беруі қажет», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар