Мұғалімдерге сыйлық жасауға бола ма – министрлік түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Білім және ғылыми министрлігі ұстаздарға сыйлық жасаудың заңдылығына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, заң тұрғысында ұстаздарға сыйлық жасауға тыйым салынбаған. Өйткені, ұстаздар мемлекеттік қызметкер емес.

Сондай-ақ, биыл мамыр айында еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов педагог қауымға құрмет көрсетіп, гүл шоғын сыйлау сыбайлас жемқорлық қаупіне жатпайтынын алға тартқан еді.

«Қоғамда ұстаздарға гүл сыйлау жемқорлықтың белгісі деген пікір бар. Біз онымен келіспейміз. Осы орайда алдымен қандай жағдайда жемқорлық болып саналатынын анықтап алған жөн. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін ұстазына құрмет көрсетіп, гүл сыйласа, ол - жемқорлық емес», - деген еді білім министрі БАҚ-қа берген сұхбаты барысында.

Сонымен қатар, ведомство басшысы білім ошақтарында педагогикалық әдеп сақталуы керектігін еске салып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін қатаң ескертті.

Ол дегеніміз - мектеп қабырғасында түрлі сылтаумен ұстаздардан ақша жинамау керек немесе басшылыққа қымбат сыйлық жасау деген секілді дүниелерден аулақ болу керек деген сөз.

Еске сала кетсек, өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерге сыйлық жасауға және оны алуға толық тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар