Мүгедек балаларға әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы мүмкін – заң жобасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мүгедек балаларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың жекелелеген санаттарын әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Құжат Парламент Мәжілісіне таяуда енгізіледі. Аталған жобаға сәйкес, 7-16 жас аралығындағы мүгедек балаларды халықаралық квалификацияға сәйкес, өмір сүруіне қиын келтіретін шектеулерге байланысты дәрежеге бөлу қарастырылған. Бұл ұсынысты заңға енгізу бастамасын ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин көтерген болатын. Сонымен қатар, белгіленген үш санаттың бәріне берілетін жәрдемақының көлемін арттыруды көздеп отырмыз», - деді Ерлан Әукенов «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бұл тұрғыда нақты қандай өзгерістер енгізілгелі жатқанын айтып өтті.

«Сұрақ мынадан туындайды: мәселен екі бөлек отбасының 8 жастағы мүмкіндігі шектеулі екі баласы бар делік. Олардың біреуі мектепке барып, білім алу жағдайында, яғни оның мүгедектік дәрежесі жеңіл болуы ықтимал. Ал екінші бала балалардың сал ауруымен ауыруы мүмкін. Сондықтан оларды топтар бойынша бөлуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атаған еді. Оның айтуынша балаларға тегін үйірме ұйымдастыруға әкімдіктер ыңғай таныта қоймаған, яғни бюджеттен бұл мақсатта қаражат бөлгісі келмей отыр.


Соңғы жаңалықтар