Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропарламент қарары жайында: Әріптестер дұрыс қорытынды шығарады деп үміттенеміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропа Парламенті Қазақстандағы жағдай бойынша қарарды асығыс қабылдағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат комитетінің төрағасы кейінгі 2 жыл ішінде Қазақстанның Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен демократиялық, саяси реформалардың 4 бірдей топтамасын қабылдағанын еске салды.

Нәтижесінде, қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы қордаланған көптеген проблемалар оң шешімін тапты.

«Отандық заң жүйесіне бейбіт шерулерді бұрынғысынша арнайы рұқсатпен емес, тек алдын ала мағлұмдау арқылы өткізу, саяси партияларды тіркеуге қажетті шектеуді 40 мың адамнан 20 мыңға дейін төмендету, әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыздық квота енгізу, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру сияқты нормативті құқықтық өзгерістер енгізілді. Бұдан басқа ауыл әкімдерін тікелей сайлау қолға алынып, ол өткен жылы ойдағыдай жүзеге асты», - дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар сенатор Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін ұзақ жылдар кедергі болып келген 7 пайыздық талап 5 пайызға дейін төмендетіліп, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылғанын еске салды.

Өткен жылдың соңында бір топ Парламент депутаттарының авторлығымен «Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.






«Осының бәрі небәрі 2 жыл ішінде жүзеге асырылды. Бұл аталған қысқа мерзім үшін аз жетістік емес. Дәл қазіргі кезде отандық заңнаманың демократиялық талапқа сайлылығы жөнінен Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің алдында тұр десек, артық айтқандық болмайды. Демократия – өз құқығыңды айқайлап талап ету ғана емес – өзгенің де құқығын сыйлау. «Қаңтар оқиғасы» кезінде осы талап өрескел бұзылды. Бейбіт шеруге шыққан халықты қалқан еткен ішкі және сыртқы деструктивті күштер құқық қорғау қызметкерлеріне оқ атып, салдарынан халықтың заңды құқықтарын қорғау күзетінде тұрған қаншама азамат қаза тапты», - деді депутат.



«Міне, осындай бүкіл Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен бостандығына, ел тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда Конституция кепілі саналатын Президент бірден бір дұрыс шешім қабылдап, елге ұжымдық қауіпсіздік күштерін уақытша енгізді. Нәтижесінде зор қауіптің алды алынып, арада небәрі бір апта уақыт өткенде бұл күштер түгелімен кері қайтарылды», - деді ол.


Мұхтар Құл-Мұхаммед қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары «қаңтар оқиғасы» бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар мен жазықтыларды анықтап жатқанын атап өтті.


Оның пайымынша, аталған қарардың бастамашылары қазақстандық бейбіт азаматтар мен құқық қорғау құрылымдарына күш көрсеткен жауапты қарулы лаңкестердің қылмысы туралы бұрмаланған түсінік алып отыр.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді. https://kaz.inform.kz/news/sim-europarlamenttin-elimizdegi-zhagdayga-katysty-kabyldagan-kararyn-birzhakty-dep-sanaydy_a3888862


Соңғы жаңалықтар