Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Испанияға барды

None
None
МАДРИД. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Испанияға ресми сапармен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметіне сенсек, сапар шеңберінде министр Испания Королі Фелипе VI ауденцияда болып, Испания Сенатының Төрағасы Пилар Йоппен кездесу және Испания Корольдігінің Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрі Аранча Гонсалес Лаямен келіссөз өткізді.

Король Фелипе VI мен кездесуде тараптар екі ел арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын растады.

Нұр-Сұлтан мен Мадрид арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің, оның ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалогты нығайту тұрғысынан перспективалар туралы жан-жақты пікір алмасты.

Атап айтқанда, Король Испанияның Қазақстанмен өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады және Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа оның туған күніне орай жылы құттықтауларын жеткізді.

Испания СІМ басшысы Аранча Гонсалес Лаямен келіссөз барысында саяси және сауда-инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Министрлер сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесі сияқты халықаралық ұйымдар мен еуропалық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, өзекті халықаралық мәселелер бойынша «сағат теңестрді».

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың маңызы атап өтілді.

Сондай-ақ, күн тәртібінде екі елдің COVID-19 пандемиясының таралуы мен салдарымен күресу шаралары талқыланды.

Азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету және туристік саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан тарапы вакцинацияның ұлттық сертификатын өзара негізде тану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, тараптардың Қазақстан мен Испания арасында әуе қатынасы туралы келісім жасасу жөніндегі одан әрі жұмысқа мүдделілігі расталды.

Келіссөз қорытындысы бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға, сондай-ақ «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі мен «AECID» Испандық даму мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Испания Сенатының Төрағасы Пилар Йоппен парламентаралық байланыстарды нығайту жолдары талқыланды, оның ішінде жаңадан құрылатын Қазақстан-Испан парламентаралық ынтымақтастық тобының желісі бойынша.

Екі ел Парламенттерінің көпжақты құрылымдар – Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеялары және тағы басқалар аясындағы өзара іс-қимылына ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, министр М.Тілеуберді жетекші испан компанияларымен «дөңгелек үстелге» қатысты.

Қазақстан тарапымен инвестициялық жобалар және оларды көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын қуат көздері, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік комплекс, фармацевтика, машина жасау, металлургия және басқа салаларда іске асыру мүмкіндіктері ұсынылды.

Іс-шараға 20-дан астам ірі испандық компаниялардың басшылары қатысты.

М.Тілеуберді сондай-ақ Испанияның бұрынғы Премьер-министрі Хосе Луис Сапатеромен кездесу өткізіп, «Airbus» компаниясының өндірістік алаңы мен халықаралық тренинг орталығына барды.

Испания Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді.

Пандемияға қарамастан, 2020 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымының көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады, ал биыл қаңтар-мамырда тауар айналымы 80%-дан астамға өсіп, 842 млн АҚШ долларын (негізінен қазақстандық экспорт есебінен) құрды.

2005-2020 жылдар кезеңінде Испаниядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 245 млн. АҚШ долларын құрады.


Соңғы жаңалықтар