Мұнай-газ саласы экономика өсімінің басым драйвері болып қала береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл отандық мұнайдың 120 жылдық мерейтойы. Елімізде алғашқы кен орны ашылған бері 300-ден аса мұнай кен орны сәтті игеріліп жатыр. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық дұрыс шешім қабылдап, мұнай саласына Шеврон, Аджип, Шелл, Тоталь, СНПС сияқты әлемдегі ең озық компаниялардың инвестициялары мен технологияларын тартуы екендігі сөзсіз. Әрбір жаңа жоба жүзеге асырылған сайын мұнай саласы өз қуатын және әлеуетін ұлғайта түсуде.

Мұнай қорының көлемі 90 жылдардан бері 5,3 млрд баррельден 30 млрд баррельге дейін өсті. Еліміз мұнай экспорттаушы көшбасшы елдердің қатарына қосылып, мұнай қоры бойынша 12 орынға және газ қоры бойынша 22 орынға көтерілді. Қазіргі мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге артты. Яғни, 91 жылдағы 25 млн тоннадан 2018 жылы 90 млн тоннаға дейін артты.

Жалпы айтқанда, тәуелсіздік жылдары ішінде 1,5 млрд тоннадан астам мұнай және 740 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Ұлттық қорға кірістердің жалпы көлемі 31,6 трлн теңгені құрады. Мұнай және газ тасымалдау жүйесі толығымен дамытылды. Каспий мұнай құбыры арқылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарынан мұнайды экспорттауға ең қысқа жол мен тиімді экономикалық жағдайлар қамтамасыз етілді. Қытайға да экспорттық бағыт ашылды. Сонымен, экспорт көлемі 5 есеге ұлғайып, экспорт бағыты 36 елге кеңейтілді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» ірі газ транзиттік дәлізі ашылды. Былтырғы жылы бірінші рет Қытайға газ экспорты басталды. Мұнай өңдеу зауыттарын инновациялық жаңартуға жалпы 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тартылды. Мұнай өнімдерінің ішкі нарығы жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес өнімдермен толық қамтамасыз етілді.

Бүгін Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасап, биылғы 8 айдың қорытындысындағы мұнай-газ саласының жетістіктеріне тоқталды.

«Өндіру секторында мұнай өндіру көлемі 59,8 млн тоннаны құрады және жоспардың орындалуы 101,5 пайызды көрсетті. Оның ішінде үш ірі жобаның үлесі 36 млн тонна құрап отыр. Атап айтқанда, Қашағанда – 8,6 млн тонна, Теңізде – 19,5 млн тонна, Қарашығанақта – 7,9 млн тонна көлемінде мұнай өндірілді. Жыл сонында мұнай өндіруде 89 млн тонна көлеміндегі жоспарды асыра орындауға мүмкіндік бар», - деді министр.

Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, әзірленіп жатқан құжатта өңірлік іздеу және барлау жұмыстарын ғылыми сүйемелдеуге баса назар аудару арқылы геология ғылымын дамытуға айрықша мән беріледі.

«Бағдарламада келешегі бар алаңдармен қажетті қаржы ресурстары көрсетілетін болады. Инвестиция тарту үшін заңнаманы жетілдіру және салықтық жеңілдіктер беру бойынша кешенді шаралар әзірленеді», - деді министр.

Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс деңгейін жүйелі негізде арттыруымыз қажеттігіне назар аудартты.

«Осыған байланысты мен Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын қысқа мерзім ішінде келісуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Министрдің дерегінше, мұнай өнімдері өндірісінде жаңғыртудың нәтижесінде еліміздегі барлық үш зауыттың мұнай өңдеу қуаты мен тереңдігі ұлғайды. 8 ай ішінде мұнай өңдеу көлемі 11,2 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы жылы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Мұнай өнімдерін өндірісі бензин бойынша 14,3, дизель отыны 9,6, әуе отыны бойынша 212 пайызға ұлғайды. Жаңар-жағармай өндірісінің артылуы әсерінен бөлшек сауда нарығында жыл басынан бері бағалар арзандады. Өндірісті қолдау мақсатында бензин экспорты ашылды. Биылғы шілде айынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың шегінен тыс нарықтарға Қазақстан нетто-экспортер болып келеді. Экспорт басталып жатыр. Бүгінде, АИ-92 марқалы бензиннің экспорты 15 мың тоннаны құрап отыр.

Бұл ретте ҚР Президенті ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету мәселесіне назар аудартты.

«Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, негізінен, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр . Мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай көлемінің азаю қаупі бар. Ресурсты тиімді пайдалану үшін Үкімет нақты ұсыныстар енгізуі қажет», - деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 8 айдың ішінде 37,8 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Тауарлық газдың өндірісі 22,3 млрд текше метрді құрап, жоспар 105 пайызға орындалды. Ішкі нарықта газ бағасы тұрақты деңгейде. Бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Бүгінгі күні еліміздің газдандыру деңгейі 50 пайызға жуық. 9 миллионнан астам халық газбен қамтамасыз етілген.

Мұнай-газ химия секторында 8 айда 587 мың тонна битум өндірілді. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бензол, параксилол өндірісі биылғы жылы 5 есеге артты. Бірінші жартыжылдықта өндірілген 95 мың тонна хош иісті көмірсутектер экспортқа жіберілді.

«Ел экономикасы үшін мұнай-газ-химия саласының әлеуеті зор. Әлемдік тәжірибеде мұнай-газ-химиясына салынған әрбір доллар экономикаға 2-3 доллар өсім береді және 7 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Бүгінде, осындай әлеуеті зор жобалардың ішінде 8 газ-химия инвестициялық жобасы министрліктің тарапынан пысықталып жатыр. Олардың жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асады. Оның ішінде полипропилен және полиэтилен жобалары таяу шетел арасындағы полимер өндірісінің ең ірі жобалары болып есептеледі», - деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, аталған екі жобаның инвестиция көлемі 9 млрд АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезінде кем дегенде 3000 жұмыс орны және пайдалану кезеңінде мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Полипропилен жобасының құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі - 2021 жыл. Ал полиэтилен жобасы әлемдегі ең ірі полиэтилен өндіруші Borealis-пен іске асырылуда. Осы екі жоба жүзеге асыру арқылы Жалпы ішкі өнімге 1,5 пайыз үлесі қосылатындығын болжанады. Жалпы газ-химия саласын ынталандыру мақсатында газды шикізат ретінде пайдаланатын инвестициялық жобалар үшін газға тиімді баға белгілеу тетігі пысықталынған. Заң жобасы Парламентке күзгі сессия барысында енгізіледі.

Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерінің 171 елді мекенін, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз ететін Сарыарқа магистральдық газ құбырының құрылысы кестеге сай жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 778 шақырым құрайтын құбыр дәнекерленді. Жылдың сонына дейін магистралды құбырының құрылысы аяқталатын болады.

Министр геологиялық барлау секторында ресурстық қорды толықтыру мақсатында инвестициялық тартымдылық жақсарғанын айтты. Мәселен, 2025 жылға дейін Исатай, Абай, Жеңіс, Қаламқас-теңіз пен Хазар жобаларына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Теңіздегі жобалармен қатар еліміздегі аз зерттелген перспективалы аумақтарда геологиялық барлауды жандандыру жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021-2025 жылдарға Геологиялық барлау бағдарламасын қабылдайды.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев геофизикалық және геологиялық жұмыстарға отандық компанияларды көптеп тарту қажеттігін ескертті.

«Отандық компаниялардың геофизикалық және геологиялық жұмыстардағы үлесі не бәрі бестен бірді ғана құрайды. Үкіметке 2020 жылдың 1 наурызына дейін әлемдегі минералды-шикізат ресурстарына сұраныстың ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға, әсіресе жоғары әрі лауазымды қызметтерге отандық кадрларды тарту да барынша өзекті екендігін баса айтты. Бұл ретте Қазақстан Президенті ел Үкіметіне жер қойнауын пайдаланушылармен бірге кадрларды сапалы дайындау қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруда инновациялық технологияларды енгізу маңызды рөл ойнайтындығына назар аудартып, жер қойнауын пайдаланушылар тапқан табыстарының 1 пайызын ғылыми-техникалық әзірлемелерге жұмсауы тиіс екендігін ескертті.

«Аталған қаражаттарды пайдаланудың нақты әрі ашық тетіктерін әзірлеу қажет. Ол үшін тиісті институттық инфрақұрылым айқындаған жөн. Бұл жерде инновация мен жаңа технологияларды ынталандыру, зерттеулерді қаржыландыру үшін үлкен резерв бар», - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтқанда, ғасырдан астам уақыт өтсе де, мұнай-газ саласының әлеуеті әлі де зор. Ол қарқынды дами отырып, жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келе жатыр.



Соңғы жаңалықтар