Мұнай өңдеу төмендеді, енді ішкі нарықта жанармай тапшылығы бола ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтарда елімізде мұнай өнімдерін өңдеу көлемі 90,5 пайыз орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар айының қорытындысы бойынша 1 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіш қаңтар айының жоспарына 90,5 пайызды құрайды. Оның ішінде автобензин бойынша көрсеткіш 410 мың тоннаға жетті. Яғни, жоспардың 91,2 пайызын құрады. Өндірілген дизель отынының көлемі - 326 мың тонна. Жоспар 77 пайызға орындалды. Әуе отыны бойынша көрсеткіш 35 мың тоннаға тең. Жоспар 91,4 пайыз орындалып отыр», - деді Нұрлан Ноғаев.

Министр аталған көрсеткіштердің төмендеу себептеріне де тоқталды.

«Осы жылдың қаңтарында Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде іркіліс, ақау пайда болды. Бұл жағдай каталикалық крекинг және реформинг қондырғыларының толықтай және ішінара істен шығуына алып келді. Бұл ретте мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің қоры тұрақты деңгейде. 16 ақпандағы жағдай бойынша ішкі нарықта 24 күнге жететін 251 мың тонна бензин, 38 күнге жететін 357 мың дизель отыны қоры бар», - деді ол.

Оның дерегінше, қаңтарда 242мың тонна мазут өндіріліп, жоспар 116 пайызға орындалды.


Соңғы жаңалықтар