Мұнай өңдеу зауыттары егіске қажет дизельдің бір литрін 176 теңгеден сатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан-сәуір айларының арасында диқандарға көктемгі егіс жұмыстары үшін 231 мың тонна дизель отыны жеткізілген. Бұл диқандардан түскен өтінім көлемінің 92 пайызына тең, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш деректі ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және қалыпты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 400 мың тонна дизель отыны бөлінді. 2022 жылдың ақпан-сәуір айларында нақты 231 мың тонна немесе 92% жеткізілді», - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, қажетті жанармай өнімдерін тиеп-жөнелту жұмыстарына тәулік сайын бақылау және мониторингтеу жүріп отыр.

«Көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы мұнай өңдеу зауыттарында 1 тоннасы үшін 212 мың теңге (литріне 176 теңге). Өңірлерге дейін жеткізуді және сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін болжамды баға бөлшек сауда бағасынан орташа алғанда 15-30% төмен болады. 2019 жылмен салыстырғанда баға өсімі 8,4%-ды құрайды немесе жыл сайынғы өсімнің 3%-ынан аспайды», - деді Әсет Мағауов.

Бұған дейін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арзандатылған бағамен 400 мың дизель отыны бөлінгені айтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар