Мұрат Бақтиярұлы: «Еңбек» бағдарламасына терең талдау жасау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды. Депутаттың есептеуінше бұл бағдарламаны толық өзгерту керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын жұмыспен қамтуға қаншама қаражат жұмсағанымызбен жұмыспен қамтылғандар азаймай, еңбек нарығындағы ахуал дұрыстала қойған жоқ. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2 миллионнан асып кетті. Жалпы біздің пікірімізше, «Еңбек» - халыққа әлеуметтік көмек беретін бағдарлама емес, жұмыс іздеушілерді, нарыққа қажетті жұмысшы мамандықтарды оқытып, оларға жұмыс орындарын ашуға тиісті еді. Өкінішке қарай бұл бағытта нәтиже аз. Мысалы нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзегеа асыру үшін 2017 жылдан бері 186 млрд теңге бөлініп, 40 мыңға жуық несие берілген», - деді Мұрат Бақтиярұлы Парламент Сенатының отырысында.

Оның айтуынша осы бағдарлама шеңберінде оқытылған 80 мың адамның 23 мыңы ғана мамандығына сай жұмысқа орналасқан. Сәйкесінше 6 млрд теңге нарықта сұранысы жоқ мамандықтарды оқытуға жұмсалған. Сенатордың есептеуінше тиімділігі сын көтермейтін «Еңбек» бағдарламасына терең талдау жасап, қажет болған жағдайда бұл бағдарламаны толық өзгерту керек.

«2019 жылы азық-түлік тауарларының бағасының өсуі халықтың ақшалай шығыстарының құрылымында 50 пайызды алды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10 пайыз шегінде ғана. Яғни халқымыздың тапқан табысы азық-түлік алуға ғана кетіп жатыр. Халықтың қарызға кіруі әлеуметтік проблемаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Демек еліміздегі азаматтардың төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі жағдайға сәйкес келмейді», - деді ол.

Осы мәселелерге байланысты сенатор Үкіметке ең төменгі жалақыны қазіргі өмір талаптарына сәйкестендіруді тез арада қолға алуды сұрады.


Соңғы жаңалықтар