Мұрынға себілетін коронавирус вакцинасы 2022 жылы тіркелуі мүмкін

None
None
МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Ресейдің Гамалея атындағы орталығының ғалымдары әзірлеген коронавирусқа қарсы мұрынға себілетін вакцина 2021 жылдың соңында – 2022 жылдың басында клиникалық зерттеуге шығарылады. Препарат 2022 жылы тіркелуі мүмкін. Бұл туралы орталық директоры Александр Гинцбург мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Орталық COVID-19-ға қарсы вакцинаны жасау және жетілдіру бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Бір бағыты – назальды вакцина жасау. Қазір оның клиникаға дейінгі зерттеуі жүргізіліп жатыр. Клиникаға осы жылдың соңында - келесі жылдың басында енгізуді, 2022 жылы зерттеу нәтижелері бойынша тіркеуден өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ғалым.

Гинцбургтің айтуынша, әзірге назальды вакцина екі мәрте жасалды деп болжанған, бірақ бір реттік болуы да ықтимал. Оның айтуынша, вакцинаның бұл түрінің артықшылығы – жанама әсері іс жүзінде болмайды.

Еске сала кетейік, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының ғалымдары өздері әзірлеген COVID-19-ға қарсы екі вакцинаны сынақтан өткізу кезеңі аяқталуға жақын екенін мәлімдеген болатын. Соның бірі – NARUVAX-C19/Nano – мұрынға тамызу арқылы берілетін вакцина.

Бұған дейін хабарланғандай, Қытай ғалымдары мұрынға арналған спрей түрінде коронавирусқа қарсы вакцинаға клиникалық зерттеулер жүргізіп жатыр.



Соңғы жаңалықтар