Науаидағы қазақи көрініс - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Әдеттегідей, «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Жайлаудағы қазақ балаларының атпен жарысы - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Өткен аптада Қытайдың CNR ақпараттық порталы «Жайлаудағы қазақ балаларының атпен жарысып ойнауы» деген тақырыптағы фоторепортажын жариялады. Аталған БАҚ-тың дерегінше, малшылардың балалары жазғы демалысын жайлауда өткізуді жақсы көреді.

«Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Текес ауданының қазақ малшыларының балалары тау табиғатымен етене болады. Олар жайлауда атпен қыдырып, жазғы демалысын көңілді өткізеді. Бұл балалардың сондай бақытты сәтінен тілшіміздің түсірген суреттері», деп жазады қытайлық БАҚ.

1 500 жылдық тарихы бар Айя-София музейден мешітке айналды - TRT


Президент Режеп Тайып Ердоған Мемлекет кеңесінің шешімімен Айя-Софияның ғибадатқа ашылуына орай аталған тарихи ғимарат жергілікті дін істері басқармасына өткізіп берілді және ғибадатқа ашылуына шешім қабылданғанын жариялады, деп хабарлады Түркия Радио Теледидар мекемесінің ресми сайты.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, мемлекет кеңесінің 10-шы департаменті Айя-Софияның мешіттен мұражайға өзгертілуіне байланысты 1934 жылы 24 қарашадағы министрлер кабинеті шешімінің күшін жойды. Мемлекет кеңесінің шешімімен сан ғасырлық тарихы бар Айя-София енді діни құлшылық жасау орны болмақ.

Айя-Софияның ғибадатқа ашылуына байланысты президенттің шешімі ресми газетте жарияланды.

Айта кету керек, Айя-София ғимараты VI ғасырдың 30-шы жылдарында Византия императоры Юстинианның заманында салынған. Ол мыңдаған жыл бойы христиан әлеміндегі ең ірі шіркеу болған. 1453 жылы Константинопольды Осман империясы басып алғаннан кейін, шіркеу айналасына төрт мұнара салып, мешітке айналдырған. Айя-София 1934 жылы мұражайға айналды. 1985 жылы UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді.


Өзбекстан мектептерінде 4 пән орнына бір ғана пән енгізілмек - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Өзбекстандағы «Жалпы орта білім беру мекемелерінде» жаңадан гуманитар пән енгізіледі, деп хабарлайды «ӨзА».

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, өкіметтің білім саласы бойынша қабылдаған қаулысына орай жалпы орта білім беру мекемелерінде «Әдеп», «Отан сезімі», «Ұлттық тәуелсіздік идеясы және руханият негіздері» мен «Әлемдік діндер тарихы» пәндерін біріктіретін жалпы орта білім берудегі бірыңғай «Тәрбие» пәні 1-9 сыныптарда 2020/2021 оқу жылынан бастап енгізіледі. Ал, 10–11 сыныптарда бұл оқу әдістемесі 2021/2022 оқу жылынан бастап пәндерге бөлінген жалпы сағаттар шегінде кезеңімен енгізілетін болады.

Өзгеге сыйлаған жақсылықтан өзіңізде күш-қуат аласыз - Kaznews


Осы аптада моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталында баян-өлгейлік қандасымыз, экономист, кәсіпкер Бауыржан Бақыткерейұлының сұхбаты жарияланды. Бұл сұхбатта Б. Бақыткерейұлы өз кәсібіне сәйкес, егіншілік жайында көптеген сұрақтарға жауап берген екен. Оның ойынша, шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойласаң, ниетіңе сай бәрі де жақсы болады. Ол бұл идеяны өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қарайды екен.

Бауыржан Бақыткерейұлы 1981 жылы Өлгей қаласында дүниеге келген. 1999 жылы №II мектепті тәмамдап, 2003 жылы «Засагт хан» университетінен экономист мамандығымен бітірген. 2004 жылы Хаан банк орталығында ішкі аудит бақылаушысы, 2010-2017 жылдары Ұланбатыр қаласындағы «Өгөөмөр» базары және «Драгон» автобекетіндегі, Баян-Өлгей аймағындағы «Хаан банк» бөлімшелерінде директор қызметін атқарған. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрады. Қазіргі қызметі жылыжай шаруашылығымен айналысатын «Алтын сапа» компаниясының директоры.

Ол табиғаты қоңыр-салқын Баян-Өлгейде алғаш қысқы жылыжай салған азаматтардың бірі екен.

«...Егіншілік үнемі айналымда болмайтындықтан басқа кәсіптерге қарағанда пайдасы аздау. Бірақ адамға беретін күш қуаты орасан. Пайдадан гөрі қайтсем жақсы өнім аламын, кімге қалай көмегім тиеді деуді ойлаумен боласыз. Шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойласаң, ниетіңе сай бәрі де жақсы болады. Ұнатып істеген шаруада шаршау жоқ, тек жақсы энергия жинайсыз. Қалай пайда табамын деп өзіңе ұнамаса да бір іспен айналысу адамды күйзеліске ұшыратады. Сондықтан адамдарға пайдасы тиетін, қызықтап істейтін істі қолға алсаңыз, жақсы көңіл-күй, күш-қуатты өзгелермен бірге өзіңізде алатын боласыз» дейді кәсіпкер Бауыржан Бақыткерейұлы.


Науаидағы қазақи көрініс - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігінде «Науаидағы «Үштөбе» ауылындағы көрініс» деген тақырыппен фоторепортаж жарық көрді. Аталған ақпараттағы суреттерде, қойдың төлін қолына ұстаған ер адамдармен қоса, ұлтымыздың бөгенайы саналатын киіз үйде ұлттық аспаптарымызды ұстаған өнерпаздарды, асық ойнаған балаларды көруге болады.

«Науаи облысы орталығынан 250 шақырым жерде орын тепкен, Кенимех ауданындағы Үштөбе ауылындағы бүгінгі көрініс» деп жазған өзбекстандық БАҚ.

Иранның Қазақстанға экспорты 13 пайызға артты - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иранда Қазақстан – Иран бірлескен палатасының, Иранның сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палаталары мен жеке сектор өкілдерінің қатысуымен экспорт жолдарын дамыту тақырыптарды талқылауға арналған отырыс өтті, деп хабарлады parstoday .

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иранның Қазақстанға жасаған экспорты биылғы екі айда өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Иранның сауданы дамыту ұйымының келтірген мәліметіне сәйкес, екі елдің сауда қарым-қатынасына әртүрлі салалар енеді. Атап айтар болсақ, көлік жағдайы, әсіресе транзиттік тасымалдауды арттыру, тоңазытқыш кантейнерлерді дайындаумен қатар Ақтауда логистикалық орталық құру және банкілік мәселелерді шешу, виза беруді жеңілдету. Сондай-ақ, сауда орталық құру, экспорттық мүмкіндіктерді арттыру, өнеркәсіптік және кен, әсіресе транс шекаралық ауылшарушылық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар