Науқастарға орын жоқ: Видео таратқан шымкенттік дәрігер жұмыстан босатылды ма

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте науқастарға орын жоқ деп әлеуметтік желіде видео таратқан дәрігер Арман Хамзин жұмыстан босатылмаған. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы ҚазАқпарат тілшісіне хабарлады.

Айта кетейік, бүгін бірқатар бұқаралық ақпарат құралында дәрігер Арман Хамзиннің жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ал, Лаура Нахыпқызының айтуынша, видео түсірген дәрігер жедел жәрдем стансасында өз қызметін жалғастыруда. Сондай-ақ ол осы ақпаратқа қатысты дәрігердің өзі жазған видеоны ұсынды. Онда А.Хамзин: «Мені жұмыстан босатып жіберіпті деген әңгімелер естіп жатырмын. Құдайға шүкір, қазір жұмысымды істеп, алдыңғы шепте жүрмін. Ешкім мені жұмысымнан босатқан жоқ. Сондықтан фейк-жаңалықтар таратушыларға «менде бәрі жақсы!» деп сәлем жолдағым келеді. Маған ешқандай қысым жасалған жоқ», - дейді.

Ол өз сөзінде сонымен қатар, науқастардың әлі күнге азаймай отырғанына алаңдаушылық білдіреді.

«Біздің қоғамда проблемалар бар, бола береді. Өкінішке орай науқастар саны өте көп болып тұр. Біздің де шаршайтын кездеріміз болады. Дегенмен, Алла қолдап, сіздермен жұмылып күресудің арқасында бұл індетті жеңеміз деп ойлаймын. Мен сіздермен біргемін!», - дейді жедел жәрдем қызметінің дәрігері.

Айта кетейік, бұған дейін А.Хамзин Шымкенттегі ауруханалар жағдайы ауыр науқастарды бос орынның болмауынан қабылдамай жатқанын айтып, әлеуметтік желіде видео таратқан болатын. Кейіннен ол қала әкімдігінің қатысуымен өткен брифингке шақырылып, жағдайды түсіндірген еді. Оның сөзінше, ол бұл қадамға науқастардың жағдайына алаңдағаннан соң барған.


Соңғы жаңалықтар