Несиелерін жапқан: Банктен 87 млн теңге ұрлаған қостанайлық Ресейде ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – 87 млн теңге ұрлап, Қазақстаннан қашып кеткен «Еуразиялық банк» АҚ-ның Қостанай облысы Жітіқара қалалық филиалының қызметкері Ресейде ұсталды. Бұл туралы бүгін «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» шарасы аясында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қомақты қаржы ұрлап кеткен күдікті биылғы 12 қарашада Ресей Федерациясының шекарасынан өтіп кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Оқиғадан соң қылмысты тергеу және күдіктіні ұстау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

«Іздеу жұмыстарына Челябі облысы бойынша РФ ІІМ Бас басқармасының қызметкерлері қосылды. Күдіктіні Ресейге қазақстандық таксист алып барған. Бір апта ішінде ресейлік әріптестеріміз күдіктінің жалға алған пәтерін тапты. 20 қараша күні қолға түсті. Өзімен бірге 58 млн теңге болған. Бір апта ішінде 30 миллион теңге жұмсап үлгірген», - деді Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов.

Алдын ала жауап алу барысында ол ақшаның бір бөлігін өзінің және туысқандарының несиесін жабуға аударғанын растады. Қарыз сомасы интернет арқылы төленген.

Күдіктіні Қостанай облысына экстрадициялау мәселесі шешілуде. Ол қазіргі уақытта Челябі қаласының уақытша ұстау изоляторында.

Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов қылмыскерді ұстауға көмек көрсеткен ресейлік әріптестеріне алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар