Nur Otan алдағы праймеризде онлайн дауыс беруді өткізбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында партияішілік таңдау – праймериздің қашан өтетіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып , Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойғанын мәлім етті. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі.

«Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan»-ның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды. Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр», - деп жазды Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқыту басталады. Ол үшін Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады.

«Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс. Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету –партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар