Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасы: 45 трлн теңгенің 3 мың жобасы іріктелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кешегі өткен кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин партияның сайлауалды бағдарламасына енген шаралар ел экономикасына қалай әсер етіп жатқаны туралы мәлімет берді. ҚазАқпарат оқырман назарына сол баяндамадан ең негізгі деген әрі тың мәліметтерді екшеп ұсынады.

Партия мүшелерінің алдында Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы туралы баяндама жасаған Үкімет басшысы еліміз пандемия салдарына қарамастан орнықты даму жолына түскенін атады. Жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіштерге сүйенген жетекші халықаралық кредит агенттіктері Қазақстанның инвестициялық тұрғыда тартымдылығы пандемияға дейінгі деңгейге қайта шыққанын растап отыр.

«10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялардың өсуі 14 пайызды құрады. Жылдың бірінші жартыжылдығында 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 30,4 пайыз жоғары. Халықаралық қаржылық және рейтингтік ұйымдар Қазақстан экономикасын орнықты деп таныды. Жылдың үшінші тоқсанында халықаралық жетекші кредиттік агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі егемен рейтингін растады», - деді Асқар Мамин.

45 трлн теңгенің 3 мыңнан астам жобасы

Премьер-Министрдің айтуынша, Парламенттегі партия фракциясы мен орталық аппарат сайлауалды бағдарламаны іске асырудың жол картасы аясында 362 іс-шараның 136-сының орындалуына мұрындық болған. Оның ішінде 34 іс-шара толығымен орындалса, 226 іс-шара орындалып жатыр.

«Сайлауалды бағдарламаның «Экономиканың және өңірлердің орнықты дамуы» атты бағыты бойынша бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер тобын қалыптастыруға, халықты жұмыспен қамтуға және табысын арттыруға, қалалар мен ауылдарды дамытуға бағытталған 40 іс-шара орындалды.

Нысаналы инвестиция тарту шеңберінде 45 трлн теңгенің 3 мыңнан астам жобасын іріктедік», - деді Үкімет басшысы.

Кейінгі жылдары жер еміп, мал баққан халықтың өнімін барынша «тиімді пайдаға жарату үшін форвардтық сатып алу» тетігі кеңінен қолданысқа ене бастады. Бұл тетіктің тиімді екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып жүр. Асқар Маминнің мәліметі бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық сатып алу тетігі арқылы қолдау үшін 770 мың тонна өнім бойынша келісімшарт жасалған.

Инвестиция тарту ісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы да өз үлесін қоса бастады. Ең бастысы, бұл орталық арқылы келген инвестиция шикізат өндірісіне емес, экономиканық инновациялық секторына серпін береді. Жыл басынан бері «Астана» халықаралық қаржы орталығында 66 жаңа шетелдік компания тіркеліп, 1,2 млрд доллар инвестиция тартқан.

«30 жылда 400 млрд доллар инвестиция тартылды»

«Цифрлық экономиканы дамыту шеңберінде Ақпараттық қауіпсіздік, онлайн білім беру, спутниктік мониторингтік жүйелер, стриминг және басқа да салаларда 262 жаңа IT-компания құрылды», - деді Премьер-Министр.

Асқар Мамин «Nur Otan» партиясының бұл тарихи жиыны Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын еске сала келіп, осы уақы аралығында орын алған ең сүбелі оқиғаларды тізіп шықты.

Тәуелсіздік жылдары елді дамытуға арналған реформалардың қалай іске асқанын еске түсірген Асқар Мамин бүгінгі белеске Қазақстан қандай көрсеткіштермен жетіп отырғанын атады. Олар:

- 30 жылда жалпы ішкі өнім 17 есе өсіп, сыртқы сауда айналым көлемі 100 млрд долларға жеткен.

- Елдің халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға дейін өсті.

- Экономикаға 400 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

- Қазақстан ТМД елдері арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірінші орында.

- Өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында 500-ден астам жаңа өнім түрін шығару жолға қойылды.

- Орталық Азия аймағының экономикалық көшбасшысы ретінде қалыптасты.


Соңғы жаңалықтар