Нұр-Сұлтанда әуежайдан 1,5 млн теңгенің жүгін ұрлаған екі адам сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен екі ер адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, әрқайсына үш жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға өткен жылғы 24 желтоқсанда болған еді. Нұр-Сұлтан қаласы Халықаралық әуежайындағы Желілік полиция бөліміне 58-жастағы азамат арызданып келді. Оның айтуынша, «Атырау-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсімен ұшып келгенде құны 1 431 500 теңгені құрайтын жүгін белгісіз біреулер ұрлап кеткен.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни, ірi мөлшерде жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Елордалық әуежайдың ЖПб криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде осы рейспен ұшып келген екі азаматты «ізін суытпай» анықтап, ұстады. Олар 1993 және 1995 жылы туған Қарағанды облысының тұрғындары болып шықты.

Полиция қызметкерлері ұсталғандардың осы қылмысқа қатыстары бар екендіктерін бұлтартпас айғақтармен дәлеледеді. Олар өз кінәларын мойындады.

Қаскөйлердің айтуынша, олар сол күні Атырау қаласынан жұмыс сапарымен келген. Жолжүктерін алу кезінде жүк лентасында ұзақ уақыт иесіз тұрған чемоданды байқаған. Сөйтіп, екеуі алдын ала келісіп, бөтен жүкті ұрлап, әуежай ғимаратынан кетіп қалған.

Көлік полицейлерінің кәсіби шеберліктері мен білікті әрекеттерінің арқасында ұрланған заттар толықтай иесіне қайтарылды.

Ағымдағы жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен олар қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, әрқайсына үш жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар