Нұр-Сұлтанда екі күнде карантин тәртібі 36 рет бұзылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы арнайы мобильдік топтар екі күнде 36 тәртіп бұзу фактісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Соңғы екі күнде полицейлер, эпидемиологтар, волонтерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильдік топтар Нұр-Сұлтан қаласында 36 тәртіп бұзу оқиғасын тіркеді. Олардың 13-і маска тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтамау сынды міндетті ереже болса, 23-і тыйым салынған уақытта да жұмысын жалғастырған кәсіпкерлерге қатысты.

Материалдар денсаулық сақтау жергілікті атқарушы органы – тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

Полицейлер ойын-сауық нысандарына, қоғамдық тамақтану орындары, сауна, монша, аттракциондарға барып, карантин ережелерін түсіндіріп, тәртіп бұзу фактілерін анықтайды.

26 шілде күні түнгі 02:18-де Майлин көшесінде келушілерді қабылдап жатқан кафені анықтаған. Барда би алаңында көңіл көтеріп жүрген 37 клиент болған. Олар стөл басында әлеуметтік қашықтықты сақтамай, бас санитария дәрігерінің қаулысын бұзған.

Сонымен қатар тексеріс барысында Бейсеков көшесінде автокөлік жөндеумен айналысып жатқан Техникалық қызмет көрсету орнының әкімшілігі тарапынан тәртіп бұзу фактісі тіркелді.

27 шілде күні қатаң карантин шараларының бұзылуына жол бермеу мақсатында аудандық басқарма қызметкерлері мен аудан әкімдігінің өкілдері және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерімен бірлесіп Мұстафин көшесіндегі қонақүй кешенінің жұмысы жалғасып жатқанын анықтады. Тексеру барысында кафеде 12 адам болған.

Жиналған материалдар ҚР ӘҚБК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындардағы ережеге жауапкершілікпен қарап, санитария талаптарын орындауға шақырады. Коронавирус таралып кетпес үшін полицейлер азаматтарға карантин тәртібін сақтау мен жеке қорғаныс құралдарын тағудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар