Нұр-Сұлтанда газ баллонын заңсыз пайдаланғандар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 2 қабаттан жоғары ғимараттарда газ баллонының заңға сәйкес қолдану жағдайы тексерілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

«Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес екі қабаттан асатын көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады. Осы орайда біздің басқарма пәтер иелерінің кооперативі (ПИК), басқарушы ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық баллондарда сұйытылған газды дұрыс әрі заңды пайдалануды түсіндіру мақсатында 556 оқыту өткізілді. Соның барысында екі қабаттан жоғары тұрғын үйлер мен ғимараттарда баллондарды заңсыз пайдаланудың 34 жағдайы анықталып, жолы кесілді», - деді Д. Тұрсынова.

Оның айтуынша, бүгінде елордада 340 жинақтама резервуарлық және 1400 жер астындағы резервуарлық қондырғы бар.

«Сондай-ақ, тұрғын үй аулалары мен кіреберісіндегі сұйытылған газдың ағуы мен иістерін болдырмау және жою мақсатында қаланың авариялық қызметтерімен және 109 қызметімен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның барысында 245 бақылау, тексеру шарасы ұйымдастырылып, анықталған себептер жойылды», - дейді ол.

Аталған басқарма берген мәліметке сүйенсек, 2019 жылы қала бойынша барлығы 1400 резервуарлық қондырғы тексерілді. Нәтижесінде «АстанаГазҚызмет» ЖШС-не айқындалған ескертулерді жоюға арналған 340 анықтама берілді.

Соңғы жаңалықтар