Нұр-Сұлтанда имамдар жеткілікті ме – Бас мүфтидің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажының айтуынша, елордада қазір 12 мешіт жұмыс істеп тұр. Барлығының есігі айқара ашық. Ең білікті теолог-мамандар елордада жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада қазір 12 мешіт жұмыс істеп тұр. Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы – Діни басқарма да Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Сондықтан, діни кадрлар, мамандар жетпейді деген пікір жаңсақ. Ондай жағдай жоқ. Мен қызметке алып, соған бұйрық беріп, қызметке тағайындайтын адаммын. Кадр мәселесіне күнделікті сараптау, талдау жұмыстарын жүргізіп отырамын», - деді Бас мүфти Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумынан кейін ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Серікбай қажы Ораздың айтуынша, елордада қазіргі таңда 50-ден астам имам бар.

«Уағыз, жаназаға бару – оның бәріне имамдар үлгеріп жүр. Имам, наиб имам, діни қызмет атқаратын молдалар, азаншы, ұстаз сынды барлық қызметкерлеріміз осы жерде жетеді. Жалпы, ел аумағында діни кадрлар тапшылығынан арылдық. Мен бір теріс жаңсақ пікір естіп жүрмін. Біреулер еліміз бойынша діни қызметкерлердің жоғары білімінің пайыздық көрсеткіші 25-30 пайыз аралығында екенін айтады. Ал, жарайды. Оған келісейік. Ал ауылдағы имам яки молдаға сенде жоғары білім болуы керек деген талапты қалай қоя аламыз? Оны қоя тұрып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында біліктілігі жоғары дәрігерлерді ауылға жіберіп үлгердік пе? Үлгере алмай жатырмыз. Олай болса, жоғары білімді, бірақ жалақы алмайтын адам анау шалғайдағы ауылға қалай барады?» - дейді ол.

Бас мүфтидің сөзіне құлақ ассақ, елімізде 2 мыңнан аса мешіт болса, соның барлығында азаншы бар.

«Азаншы бес уақыт азанын айтады да, кетеді. Уағыз да, насихат та айтпайды, басқа жұмыс атқармайды. Ол үшін жоғары білім керек пе? 4-5 жыл жоғары білім алған азамат мешітке барып азаншы бола ма? Азан айту үшін жақсы әуені, дауысы, мақамы және Құранды жақсы жеткізе білетін дағдысы ғана жетеді. Олар үшін медресе де дайындап жатырмыз. Сондықтан, біліктілік талаптарын бас имам мен оның орынбасарларына ғана қойып отырмыз. Олай болса, осындай көрсеткішпен қарайтын болса, әрине, біздің діни қызметкерлердің білімінің пайыздық көрсеткіші 70 пайыздан асып кетеді. Имамдардың ішінде 150-ге тарта магистр бар. Сол үшін ананың немесе мынаның білімі жоқ деп жалпылама баға беруге болмайды», - деді Бас мүфти.

Еске сала кетсек, елордада Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар