Нұр-Сұлтанда карантин кезінде түнгі клубта 500-ге жуық адам отырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полиция қызметі карантин режимін бұзған мейрамханалар мен түнгі клубтарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин режимін бұзғандарды анықтау бойынша тексеру шараларын жүргізу барысында мобильді топ сағат 23.37-де «БХБ» түнгі клубын анықтады. Полицейлер келгенде мекемеде 500-ге жуық адам болған. Клиенттер мен қызметкерлер назардан тыс қалу үшін ғимаратты іштен жауып алған және клубта ешкім маска тақпаған, әлеуметтік қашықтықты сақтамаған», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тағы бір құқықбұзушылық сағат 22.10-да Қорғалжын тас жолы бойындағы «ZIMA» түнгі клубын тексеру кезінде анықталды. Бұл мекемеде 80 адам болған.

Сондай-ақ, «ZOLOTO» мейрамханасын, «ICON» клубын және «Korean һоиѕе» мейрамханасын тексеру кезінде карантин талаптарын бұзу фактілері анықталды.

«Аталған элиталық мекемелер Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық тамақтану нысандары жұмысын шектеу және карантин шараларын қатаңдату қаулысын, жұмыс және демалыс күндері сағат 9:00-ден 22:00-ге дейінгі жұмыс кестесі мен санитариялық-профилактикалық шараларды анық бұзған. Мекеме иелеріне қатысты жиналған материал Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді», - дейді департамент өкілдері.

Мобильді топ бір тәулікте 313 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 46 карантин режимін бұзу фактісін анықтады.

«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтар мен мекеме иелеріне карантин режимі жалғасып жатқанын және бас санитарлық дәрігер қаулысындағы талаптарды сақтау керектігін ескертеді. Тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», - деп ескертті полиция департаментінен.


Соңғы жаңалықтар