Нұр-Сұлтанда карантин режимін бұзушыларды анықтау жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арнайы мобильдік топ мекеме иелері мен келушілердің карантин режимін жүйелі түрде бұзушылығын анықтау жұмысын жалғастырып келеді. Санитарлық талаптарды елемеген ықылассыз азаматтар қала тұрғындарының басын қатерге тігіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, әкімдік қызметкерлері, еріктілер және полицейлерден құрылған мобильдік топ рейдтік іс-шараларды күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.

Бірқатар ескерту шаралары көрсетілген қолданыстағы Қаулыға қарамастан, кеше тексеріс кезінде сағат 23:50-де жұмыс кестесін сақтамай, келушілерді қабылдап жатқан «Арабика» хауызында карантин режимін бұзу фактісі анықталған. Хауыз иесі мобильдік топтың ішке кіргізбей, тексеріс жүргізуіне кедергі жасады.

Тағы бір тәртіп бұзушылық «Дуранго» дәмханасында анықталған. Сағат 22:17-де мұнда келушілер жұмыс кестесіне қарамастан әлі де отырған еді. Дәмхананың ішінде санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтық сақтамай отырған 50 азамат болған. Мекеме әкімшісі дәмхананың сағат кешкі 20:00-ден кейін неге жұмыс істеп жатыр деген сұраққа сағатқа қарамағанын айтып ақталды.

Карантин режимін бұзушыларға қатысты жиналған материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мекеме иелері мен келушілердің тарапынан селқос қарау инфекция жұқтырудың таралуына әкелетінін еске салады. Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.


Соңғы жаңалықтар