Нұр-Сұлтанда көпбалалы және жалғызбасты аналарға баспана кілті табыс етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және жалғызбасты аналарға баспана кілттері табысталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Аталған шарада елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов пен «Отбасы банк» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев сөз сөйлеп, үйлі болған тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.

«Біріншіден, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атынан сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Осы үй баршағыңызға берекелі және құтты болсын! Үй іші бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісі мен бақытқа толы болсын!» — деді Нұрлан Нұркенов.

«Сіздерді «Отбасы банк» атынан бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Үйге мұқтаж азаматтарды үймен қамтамасыз ету бойынша орасан жұмыс атқарылып жатыр. 2020 жылдың нәтижесі бойынша 2 500 адам мемлекеттік бағдарлама аясында «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несиемен үй алды. Биыл сол жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен қатар 8 мыңға жуық пәтер беріледі. Бүгінгі алған пәтерлеріңіз құтты болсын! «Сырты малға, іші жанға толсын» деген қазақта жақсы сөз бар, сол қуанышқа барлығымыз бірге жете берейік!» — деді Жансұлтан Матаев.

Шара соңында пәтер алған қала тұрғындары қуаныштарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдады.

«Осы үйді алғаныма қуаныштымын. Бүгінге дейін пәтер жалдап тұрдық. Жалғызбасты ана болғандықтан бұл күнге жетуім арман болатын. 2015 жылдан бастап кезекке тұрдым. Міне, бүгін төбем көкке жетіп, жақсы көңіл-күйде тұрмын», — дейді Сәния Жаппасбаева.


Соңғы жаңалықтар