Нұр-Сұлтанда ойыншық тапаншамен ломбард тонаған адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері ойыншық тапаншамен ломбард тонаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кеше болған. «102» пультіне астана ломбардтарының бірінен кассир хабарласып, белгісіз ер адам тапанша кезеніп, 200 мың теңгені тонап кеткені туралы айтқан.

Кассирдің берген мәліметі бойынша, күндізгі сағат 12.00-де медициналық маска киген ер адам терезеден тапанша кезеніп, целлофан дорбаға кассадағы ақшаның бәрін салуды сыбырлап бұйырған. Бұйрық орындалмаса, тапаншамен атып тастайтынын айтып, қорқытқан. Кассир айтқанын орындап, кассадағы бар ақшаны тонаушы ұсынған дорбаға салып берген.

«Оқиға орнына жедел полиция жасағы келіп, күдіктінің белгілерін анықтады. Жедел басқару орталығының операторлары бейнекамераларды сүзгіден өткізіп, күдіктіге ұқсас ер адамның ізіне түсті. Кадрдан оның асығыс жүріп бара жатып, белгісіз затты байқатпай лақтырғаны айқын көрінеді. Ол тастаған белгісіз зат – ойыншық тапаншаны басқа бір жүргінші тауып алған. Күдікті сауда үйінің тұрағында ұсталды. Ол қала маңындағы кенттің 28 жастағы тұрғыны болып шықты», - деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамауда отыр. Аталған оқиға ізімен «қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар