Нұр-Сұлтанда жасыл жобалар бойынша ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) жасыл жобалар бойынша ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төмен көміртекті экономиканы дамыту жөніндегі ауқымды міндеттерге сүйене отырып, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы «Қалдықтарды басқару», «Тұрақты энергоресурстар», «Орнықты қала (жасыл инфрақұрылым)», «Тұрақты ауыл шаруашылығы», «Экология, қоршаған ортаны қорғау» бағыттары бойынша жұмыс жүргізетін Ғылыми-техникалық кеңес (ҒТК) құрып отыр. ҒТК қолданыстағы технологиялардың қаншалықты тиімді екенін, олардың жергілікті жағдайларға бейімделуін бағалайды.

Осылайша, инвесторлар мен жобаларға өтініш берушілер (бастамашылар) үшін бірыңғай терезе құрылады.

«Бұл тиімді әрі пайдалы алаң болатынына сенгіміз келеді. Іс жүзінде жұмыстың қалай өрбитінін көреміз, себебі ҒТК-да Үкіметке тікелей шыға алатын адамдар бар. Олар арқылы мемлекеттің жоғарғы шенеуніктерімен диалог жүргізуге болады. Демек, олардың мүмкіндіктері бар, сондықтан біз осы адамдар арқылы эфирге шығып, сұрақтар қоя аламыз. Кеңестің екі міндеті болуы керек. Біріншісі - бар проблемаларды анықтау және оларды шешудің жолдарын ұсыну. Екіншісі - ең тиімді жобаларды таңдап, оларды іс жүзіне асыру. Сонда бұл кеңес пайдалы болары анық», - дейді Халықаралық баламалы энергия сарапшысы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Инновациялық паркінің директоры Владимир Ким.

Қазіргі уақытта IGTIC-ға жасыл экономика саласында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату (ҚТҚ), ЖЭК, геотермалдық және гидроэнергетика, биогаз сияқты 300 жоба қабылданып отыр.

ҒТК-ны құру қажеттілігінің бірі - экология әлі де ғылыми басым бағыттың бірі ретінде ұсынылмаған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің байқауларын талдау нәтижелері бойынша, соңғы 5 жылда ауаның ластануын азайту үшін тек 16 жоба қаржыландырылған.

Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына машина жасау саласындағы жетекші ғалымдар, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен жас мамандар, ірі өндіріс мамандары, «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенатының өкілдері кірді.

Соңғы жаңалықтар