Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері тоғыз мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы 2021 жыл басынан бері астаналық 15 350 азаматты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Барлығы 9 189 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде электронды еңбек биржасы арқылы – 2 978 адам, ал 5 347 адам тұрақты жұмыс тапты.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық жұмыстарға – 2 620, әлеуметтік жұмыс орындарына - 179, жастар практикасына – 789 адам жұмысқа жіберілді.

Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде - 254 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Жоспар бойынша 483 жұмыс орнын құру көзделген болатын, бүгінгі таңда -503 адам жұмысқа орналастырылды. 291 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Халықты жұмыспен қамту орталығы барлық санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа күн сайын әртүрлі жастағы жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінде есепте тұрғандардар мен мүмкіндігі шектеулі жандар жүгінеді.

Жыл басынан бері пробация қызметіндегі - 47, мүгедектігі бар - 574 адам жұмысқа орналастырылды.

Халықты жұмыспен қамту орталығы бүгінгі еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарға арналған курстарға жібереді.

Биыл Жұмыспен қамту орталығы арқылы 213 адам кәсіптік білім беру курстарын оқыды. Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекші мамандықтары бойынша ұйымдастырылды.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 414 бизнес идеяға грант бөлінді. Әзірге 401 грант қаржыландырылды. Грант алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Олар: көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен АӘК алушылар, 29 жасқа дейінгі жастар санатындағы азаматтар.

Қазір Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін қашықтан пайдалануға болады. Осы мақсатта электронды еңбек биржасы мемлекеттік ақпараттық порталы жұмыс істейді (www.enbek.kz).

Толық ақпарат пен мамандар кеңесін алу үшін орталықтың жұмыспен қамту бөлімінің тел: 72-93-31, 57-86-95, 8 701 573 65 93 номеріне хабарласуына болады.

Айта кетейік, 2020 жылы елордада Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 151 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, 15 253 жаңа жұмыс орны құрылды.


Соңғы жаңалықтар