Нұр-Сұлтанда жылу трассаларын жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада инвестициялық бағдарламалар бойынша жылу трассаларын қайта құруға 1 млрд 333 млн теңге бөлінді. Бұл туралы «Астана-Теплотранзит» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Азбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 867 жылу трассасы бар. Оның ішінде 860 су жылу трассасы және тағы бірнеше сегіз шақырымдық трассалар бар. Орталық учаскеге келсек, бізде 270 шақырым магистраль бар. Орташа тозу бойынша 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 56%-ды құрады. 2021 жылы инвестициялық бағдарламалар бойынша 1 млрд 498 млн теңге бөлінді. Оның ішінде жылу трассаларын қайта құруға 1 млрд 333 млн теңге бөлінді», - деді Б. Азбаев.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта жұмыстардың 90%-ы негізінен абаттандыру бойынша жүргізілді.

«Жылу шығындарының бекітілген нормативтерін төмендету көрсеткіші 12,53 пайыз болса, 2020 жылы оны 12,1 пайызға дейін азайттық. Ал биыл 12,1-ден 11,72 пайызға дейін түсіреміз. Физикалық тозуды төмендетуге келсек, биыл жоспарланған жылу трассаларының 6700 метрі 0,4%-ға төмендетіледі, яғни 56% -дан 55,6%-ға дейін жеткіземіз. Биыл инвестициялық бағдарлама бойынша 10 нысан – 6750 метр қайта жөндеуден өтеді» - деді Бағдат Азбаев.

Осылайша, 2020 жылы инвестициялық бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша амортизация мен тарифтік смета құрамындағы пайда есебінен Астана-Теплотранзит инвестицияға 1 487 180 мың теңге бағыттады, оның ішінде жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту – 1 249 904 мың теңге, ескірген жабдықтарды ауыстыру және жаңа жабдықтарды сатып алу – 56 118 мың теңге. Лицензиялық бағдарламаларды сатып алуға 18 239 мың теңге, көлік және арнайы механизмдерді сатып алуға – 162 919 мың теңге бөлінді.

Ал 2021 жылға арналған инвестициялық бағдарлама 1 498 322 мың теңге мөлшерінде бекітілген, оның 1 333 612 мың теңгесі немесе 89%-ы жобалауды ескере отырып, жылу желілерін реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталатын болады.

Соңғы жаңалықтар