Нұрлан Ноғаев бензин пен дизель отынын өндіру көлемінің төмендеу себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың қаңтар-ақпанында ,14 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша 9,14 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 100,8 пайызды құрайды. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 4,55 млрд текше метрге жетті, жоспар 107,3 пайыз орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 520 мың тонна, жоспар 100 пайыз орындалып отыр. Экспортқа шығарылған газ көлемі 1,38 млрд текше метрді құрап, жоспардың орындалуы 122 пайызға жетті», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған министр.

Сонымен қатар ол қаңтар-ақпанда 2 млн тонна мұнай өнімдері өндірілгенін, жоспар 94,4 пайызды құрағанын атап өтті. Оның ішінде автобензин бойынша көрсеткіш 790 мың тоннаға жетті. Бұл жоспардың 93,5 пайызына тең. Өндірілген дизель отынының көлемі - 680 мың тонна. Жоспар 85,2 пайызға орындалды. 70 мың тонна әуе отыны өндірілді.бұл жоспардың 91 пайызын құрайды.

«Есепті кезеңде мұнай өнімдерін өндіру көлемінің жоспардан төмен болуы, бұдан бұрын баяндағанымдай, осы жылдың қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде іркіліс (ақау) пайда болғаннан орын алған болатын. Бұл жағдай, өз кезегінде, каталикалық крекинг және реформинг қондырғыларының істен шығуына алып келді. Қазіргі таңда аталған зауытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті», - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның дерегінше, 5 наурыздағы жағдай бойынша елімізді 20 тәулік қамтамасыз етуге жеткілікті 218,7 мың тонна бензин, 28 тәулікке жететін 306,2 мың тонна дизель отыны бар.


Соңғы жаңалықтар