Нұрлан Нығматулин: Ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыр қылмыстардың барлық түрлері үшін жазаны қатайту азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін заң жағынан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.

«Бүгін бірінші оқылымда мақұлданған маңызды заң жобасы ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда Үкіметке және Парламентке берген тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ететін болады. Жобада есірткі тарату, адам саудасы және жеке тұлғаға қарсы басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту қарастырылған. Алғаш рет мал ұрлығына қатысты қылмыстық норма енгізілді. Бүгін жалпы отырыста айтылған ауыр қылмыстардың барлық түрлері үшін жазаны қатайту ережелері азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін заң жағынан қорғауға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшетіні мәлім болды.

Бұл тұрғыда мал ұрлығына ерекше назар аударылып отыр.

Сонымен қатар, инспекторды және қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін жауапкершілік енгізу қарастырылған. Осындай қылмыстар үшін жиырма жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.

Заң жобасында педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ескерілген.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру мерзімі сегіз жылға ұлғаяды.

«Екінші оқылымға дейін ауқымды жұмыстарды атқару қажетті бар. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмаларын толықтай жүзеге асыру назарға алынады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Соңғы жаңалықтар