Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Бюросының отырысын өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобаларын қарап, талқылайтын болады.

Оның қатарында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы ұйымға қатысушы мемлекеттердің экстремизмге қарсы іс-қимыл ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл Конвенция екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда жасалған.

Осы күні депутаттар назарына тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы (Женева, 1925 жылғы 17 маусым) ратификациялауға арналған құжат ұсынылады. Қазіргі уақытта 140 мемлекет Женева хаттамасының қатысушысы саналады. Заң жобасы Қазақстанның Женева хаттамасына ресми қосылуы үшін мүмкіндік жасауға бағытталған.

Алдағы жалпы отырыста Палата Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және Исмаилиттер Имаматы арасындағы Орталық Азия Университетін құру жөніндегі шартқа хаттаманы, сонымен бірге, Ресеймен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларымен жұмысты одан әрі жалғастырады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар